Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Нұртай Сабильянов осы мәселені көтерді.
Заң жобасы бойынша жеке тұлғалар шетелдік еңбекшілерге жұмыс беретінін айта келе, депутат Н. Сабильянов келешекте осындай санаттағы жұмыс беруші жеке тұлғаларды табыс декларациясын тапсыруға міндеттеу қажеттігін айтты.
Яғни, депутаттың пікірінше, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар секілді олар да табыс көзін көрсетуі шарт.
«Екіншіден, шетелден келетін азаматтардың денсаулығын анықтау үшін медициналық тексерістен өткізу қажет. Олар кім? Шетелден жұқпалы ауруды әкеле ме, есірткіге тәуелді адам ба, соны білуіміз, анықтауымыз керек. Бұл Ресейдің заңында бар. Үшіншіден, жұмысқа алмас бұрын біз алдымен өзіміздегі ауылдағы, аудандағы жұмыссыз жүрген азаматтарға еңбек қызметін ұсынсақ. Олар келмеген жағдайда ғана шетелдік мигранттарға рұқсат берсек», - деді Н. Сабильянов.
Дереккөз: ҚазАқпарат