АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - АН-72 ұшағы командирі приборлардың істемеуіне, ауа райының нашарлығына қарамастан әуе кемесін өзі басқармаған. Бұл туралы бүгін КТК телеарнасындағы Артур Платоновтың «Халық қызметшісі» бағдарламасында сұхбат берген ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев айтты.
«Мәселен, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне тиесілі АН-72 ұшағына қатысты біз үш құралдың ұшу барысында жұмыс істемейтіндігін көрсеткендігін анықтадық, қонуға бет алғанда ауа райы да өте қолайсыз болған. Мұндай жағдайда біздің көзқарасымызша, маневр жасау өзін өзі өлімге айдаумен тең», деді А.Дауылбаев.
Бас прокурордың атап өтуінше, дәл осындай қиын жағдайда командир мен экипаж қонуға шешім қабылдаған. Оған қоса борт командирі осындай қиын жағдайда, яғни приборлардың жұмыс істемеуі мен ауа райының қиындығына қарамастан ұшақты өзі басқармаған, әуе кемесін екінші ұшқыш қондырған.
«Міне осындай немқұрайлылық пен салақтық біздің азаматтарымыздың өліміне әкеліп соқтырып отыр», деді Бас прокурор.
Дереккөз: inform.kz