Атырау, 26 желтоқсан 17:24
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Ұйқыдан оянды ма? (толықтырылды - адвокаттың комментарийі)

2 573 просмотра

«АЖ» ақпараты бойынша, Привокзальный ықшамауданындағы «Дина» базарының маңында аяқталмай қалған «Самал-Атырау» тұрғын үй кешенін салып бітірген құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қаржы полициясы мұны растады, бірақ компанияны атамады.

Белгілі болғандай, облыстық прокуратураға осы тұрғын үй кешенін алғаш салушысы – «Бонита Инжиниринг» ЖШС шағымданыпты. 2004 жылы «Бонита» үлескерлермен олардың құрылысты қаржыландыруға қатысатындықтары туралы келісімшарт жасаған. Содан кейін үйді «Қазақстан Наурыз Банкіне» кепілге салыпты. Бұл банк кешікпей банкротқа ұшырайды. Құрылыс бірнеше жыл тоқтап қалып, содан кейін оны «Стройинвест-К» алып, басқа құрылыс салушыға - «УС-99» ЖШС-не тапсырады. Ол үйді 2011 жылдың желтоқсанында пайдалануға берді.

Қаржы полициясы ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 53-бабына (құпиялылықты сақтау) және 205-бабына (Алдын ала тергеу мен анықтау деректерiн жария етуге жол бермеу) сілтеме жасай отырып, тергеудің мән-жайын жария етпей отыр.Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының бірінші орынбасары А. БІТІНБАЕВ жауап хатында қылмыстық істің ҚР ҚК-нің 182-бабының 2-тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша алдау немесе сенiмге қиянат жасау жолымен мүлiктiк залал келтiру)бойынша қозғалғанын ғана қысқаша хабарлады.

Сақалды құрылысты «Бонита» банкке кепілге салған болса, оны сатуға немесе беруге болмайды. Бірақ бейресми мәліметтер бойынша, тұрғын үй кешенінің жер учаскесіне жаңа кадастрлық нөмір берілген. Содан кейін бұл үйді қайта ресімдеп, құрылысты аяқтап, кеңінен жарнамалап, пәтерлерді сата бастаған.

Біздің жолдаған сауалымызға  облыстық әділет департаменті «Стройинвест-К» ЖШС мен «Евразия Парк» ЖШС (аталмыш кешендегі пәтерлерді сатушылар) қожайындарының қатарында шынымен де облыстық мәслихаттың қаңтардағы сессиясында мандатынан айырылған Владимир ПАКТЫҢҚол жеткізбес депутаттар» жарияланымын қараңыз) бар екенін хабарлады.

Қашқындарды сөз етпей-ақ қояйық. Қазіргі басты мәселе: бұл үйдегі пәтерлер «Бонитаның» қалған үлескерлеріне (түрлі мәліметтер бойынша, олардың саны 30-50 аралығында) жете ме? Өйткені кешенге пәтерлерді адал жолмен сатып алған жаңа тұрғындар ішінара қоныстанып үлгерген. Олардың да құжаттарын қаржы полициясы тексеруде. Бейресми ақпарат бойынша, пәтерлер жетіп қалатын сияқты.

Қырсық шалған үй тақырыбын «АЖ» әлденеше рет қозғаған болатын. Бұл мәселеге де нүкте қойылар уақыт жақын қалған секілді. Осы жылдар бойына өз құқықтары үшін күрескен үлескерлердің табандылығын да құрметтемеске болмайды. Олардың кейбірі бірнеше жыл бұрын «Бонита» Астанаға көшіп кеткен кезде, өз ақшаларын қайтарып алуға қол жеткізген еді. Бұрынғы үлескерлердің бірі сотта оңай жеңіске жеткенін, бірақ 36 мың доллар ақшасын кері алу үшін сол кезде астана мен екі ортаға жол салып, күн сайын құрылыс салушының мазасын алуға тура келгенін әңгімелеген болатын. Енді келіп күтпеген жерден прокуратураға өзі хабарласқан құрылыс салушының (сілелері қатқан үлескерлердің алдындағы міндеттемесі емес) салынып біткен үйге өз құқығы бар екені есіне түсіпті.

ӨЗ АҚШАСЫН ҚАЙТАРЫП АЛҒАНДАРДЫҢ ЖОЛЫ БОЛДЫ

Біздің өтінішіміз бойынша адвокат Гүлсім САБИРОВА (айта кетсек, ол - бұрынғы судья және оның тәжірибесінде «Бонита» үлескерлерінің шағымына байланысты істер де болған) жағдайға түсінік берді:

- «Бонита Инжиниринг» ЖШС «Самал-Атырау» тұрғын үй кешенінің құрылысын үлескерлердің – жеке тұлғалардың ақшалай салымдары есебінен бастады. Сол кездің өзінде бұл ЖШС жер телімін және тұрғын үй кешенін түгелдей (болжам) «Наурыз Банк Қазақстан» АҚ-ына кепілдікке салған.

Құрылысты аяқтауға ақша жетпей қалып, құрылыс салу ұзақ жылдарға созылды, ал ЖШС басшылары қаладан кетіп, үлескерлер сотқа шағымдана бастады. 2006 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде Атырау қалалық сотында осы ЖШС жауапкер болып табылған бірнеше азаматтық іс қаралған. Шағымданушылар салған ақшаларын қайтаруды және үлестік қатыс шарттарын бұзуды талап етті. Әрине, олардың талаптары қанағаттандырылды.

Қазіргі уақытта бұл жеке тұлғалар үлескер болып табылмайды және оларда осы үйдегі қандайма бір үйге иелік ету құқығы жоқ. Өйткені олардың шарттары бұзылған, олар тек өз ақшаларын қайтарып алуға ғана құқылы. Осы ЖШС-тің шарттық қарым-қатынастары тек шарттарды бұзу үшін сотқа жүгінбеген және ЖШС-тің әлі де болса өз міндеттемелерін орындауын күтіп жүрген жеке тұлғаларға қатысты жалғасын табады.

«Наурыз Банк Қазақстан» АҚ банкротқа ұшырағаннан кейін банктен кепілге салынған мүлікті сатып алушылардың қатарында «Стройинвест-К» ЖШС және/немесе «Евразия Парк» ЖШС болса керек-ді. Мүмкін, құрылыстың тұрып қалғанын уайымдаған жергілікті биліктің «өтінішімен» әділет органдары кадастрлық нөмірлерді ауыстырып, құрылысшылар кешен құрылысын аяқтап, пәтерлерді заң негізінде сатумен айналыса бастаған да шығар. 

Егер бұл іс жүзінде осылай болған болса және кадастрлық нөмірлерді ауыстыруда заң талаптары бұзылмаса, еш бұзушылықтарды анықтай алмаған қаржы полициясы алға қарай істі жабуы мүмкін деп ойлаймын. Бұл жағдайда «Бонита Инжиниринг» өз мүлігін қайтара алмайды. Банкротқа ұшыраған «Наурыз Банк Қазақстан» АҚ-мен арадағы қатынасты енді өзі азаматтық тәртіппен ғана шешуі тиіс. Қалған үлескерлер алдындағы міндеттемелерін ЖШС орындай алмайтындары түсінікті, алайда олардың ақшаларын қайтаруы керек. Яғни, ЖШС үлескерлеріне бұл үйден пәтер алуға, өкінішке орай, ешқандай үміт жоқ.

Ал қазіргі уақытта «Стройинвест-К» ЖШС және/немесе «Еуразия Парк» ЖШС-пен шарт жасасқан жеке тұлғалар осы тұрғын үй кешенінде өз пәтерлерінің заңды иелері болады.

Алайда, егер қаржы полициясы сотта кадастрлық нөмірлердің заңсыз ауыстырылғанын дәлелдесе, «Бонита» алдында жауаптылардың саны осы ауыстыруларды жүзеге асырғандармен көбейеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 ақпан 2013, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.