21 ақпан күні таңертеңгі сағат 9-да полицияға Атырау қаласының СМП-136 ықшамауданындағы коттедждердің бірінде тұратын қыз бала қоңырау шалды.
Ол ата-анасы жұмысқа кеткен кезде, үйге бетперде киген төрт жас жігіттің үйге кіріп келгенін, оған пышақ тақап, планшетті компьютерді, сонымен қатар бүкіл зергерлік бұйымдар мен үйде сақталған ақшаларды алып кеткенін хабарлады.
Сол күні сағат 17-де полицияға Жаңа Сарықамыс ықшамауданынан 67 жастағы зейнеткер хабарласты. Ол үйге бетперде киген белгісіз біреулердің үйге баса көктеп кіріп, тапаншамен басынан ұрғанын әңгімеледі. Бірақ қария қарсыласып баққан. Алысып-жұлысқан дыбысты естіген көршілері жүгіріп жеткен. Содан кейін шапқыншылар ештеңе ала алмастан, табандарын жалтыратыпты.
Осы қылмыстарды ашу үшін облыстық ІІД-де ІІД бастығының бірінші орынбасары А. ДҮЙСЕМБАЕВ басшылық еткен тергеу-жедел тобы құрылды.
Сол күні кешкісін Жилгородоктан күдіктілердің бірі ұсталды. Ал келесі күні Авангард 2-ықшамаудандағы №3 үйдегі пәтерлердің бірінен полиция қылмыстық топтың тағы бес мүшесін қолға түсірді. Пәтер ішінен бетперделер, пышақтар, зақым келтіретін «Оса» және «Иж» тапаншалары мен олардың оқ-дәрілері, сонымен қатар ақшалар, зергерлік бұйымдар мен планшетті компьютер табылды. Зардап шегушілер бұлардың өз заттары екенін таныды.
Ұсталушылардың барлығы – 1988-90 жылы туылған Мақат ауданының тұрғындары. Олар мойындау жауаптарын берді. Бір ай бұрын олардың Атырауда Огородный көшесінің бойындағы дүкенге шабуыл жасағаны анықталды. Олардың басқа қылмыстарға қатыстылықтары тексерілуде. ҚР ҚК-нің 179-бабы (қарақшылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ