Атырау, 10 желтоқсан 09:19
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Қоңыраудан қоңырауға дейін

1 802 просмотра

Атырау халқы 2012 жылдың 12 қыркүйегіндегі мазасыз өткізген күнді көпке дейін ұмытпайтын болар.

Бұл күнгі әбігер алдымен «Насиха» сауда орталығында басталған болатын. Барлық адамды ғимараттан шығарып, арнайы техникамен қаруланған шұғыл қызметтердің қызметкерлері мен полицейлер бутиктерді тінтіп шықты. Екі сағат өткеннен кейін форма киген адамдар №17 мектеп ғимаратын тінтуге кірісті. Ал Құлсарыда бұл уақытта лаңкестер тобын ұстау бойынша арнайы операция жүріп жатқан еді.

Кейінірек «Насиха» мен №7 мектеп ғимараттарына жарылғыш заттар қойылған деп хабарланған қоңыраулардың Атырау ҚІІБ-не бір адамнан келіп түскені белгілі болды. Тергеу амалдары оның Атырау қаласының тұрғыны А. Халелов екенін анықтады. Сот үкімімен ол ҚР ҚК-нің 242-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Оның қылмыстық әрекетінің мемлекетке тигізген зияны 119 203 теңге құрады.

- Бұл сома оқиға болған жерге шұғыл қызмет қызметкерлерінің бару шығындарынан, арнайы техникаларды жеткізуге жұмсалған қаржылардан, байланыс қызметтері мен басқа көлденең шығындардан есептеліп  отыр, - дейді облыстық Прокуратура басқармасының аға прокуроры Серік МУСЕН. – Енді 6  жылға дейін (бұрын 2 жылға дейін болатын) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылатын ҚР ҚК-нің 242-бабының санкциясы күшейтілгенін атап өткен жөн.

Өткен жылы Атырау облысында 242-бапқа тиесілі 5 қылмыс тіркелген. Кінәлілердің барлығы анықталып, оларға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. Мемлекетке тигізілген жалпы зиян сомасы 208 800,24 теңгені құрады. Бұл ақшалар сотталушылардан толығымен өндіріліп алынды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 ақпан 2013, 15:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.