Болгария елі Үкіметтің отставкаға кету мәселесін талқылауда. Ел премьер-министрі Бойко Борисов ұлттық депутаттардың дауыс беруі арқылы қорытынды шешімге келмек.
Жетекші партия министрлер кабинетінің отставкаға кетуін қолдайтындығын мәлімдеп үлгерді. Енді мерзімінен бұрын парламенттік сайлауға дайындық жүргізіледі. Жоспар бойынша сайлау сәуірдің соңында өтуі тиіс. Елдегі саяси ахуал София қаласында мыңдаған адам жылу және электр қуатының төлемақысының қымбаттануына қарсылық білдіріп, ереуілге шыққаннан кейін қиындап кетті. Жергілікті тұрғындар да Үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен. Шеру соңы полицейлермен қақтығысқа ұласып, наразы топ сақшыларға тас лақтырып, тәртіпсіздіктер жасаған. Соңғы мәліметтер бойынша, 14 адам жараланды. Наразылық шаралары Варна, Бургас, Пловдив және өзге де қалаларда тіркелген.
Александр МАРИНОВ, Болгария азаматы:
- Халық наразылығы күннен-күнге өршіп келеді. Елдегі жағдай қиындап кетті. Премьер-министр Борисовтың отставкаға кетуіне қол жеткіздік. Бірақ осымен түйткілді мәселе шешілді деген қате пікір. Әлі де тұрмысымызды түзеу үшін күресеміз.
Дереккөз: 24.kz