Атырау, 19 сәуір 23:43
 ашықВ Атырау +27
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

2 356 просмотра

Азияға жолдама

Атыраулық Дастан Құрманбеков Орал қаласында өткен 1994-95 ж.т. жастар арасында бокстан Қазақстан чемпионатында алтын медаль ұтып алды.

Турнир наурызда Филиппиннің астанасы Манилада өтетін Азия чемпионатының іріктеу сайысы болды. Бұл жайт жекпе-жектерді қыздыра түсті. Жаттықтырушы Адик Бермешевтің (Химпоселоктегі спортзал) 91 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін шәкірті бірінші айқаста Алматы облысынан келген Қуаныш Бақытқа еш мүмкіндік бермесе, екіншіде әлем чемпионатының жүлдегері Дидар Төлегенді ұтты.

Дастанның алматылық Қанағат Ахметовпен кездескен ақтық айқасы өте қызықты өтті. Қарсыластар тең өнер көрсетті, алайда жерлесіміз шешуші кезеңде өз мықтылығын танытты.

21 ақпанда Дастан Алматыға жаттығу жиындарына барып, сол жағынан Манилаға тікелей рейспен ұшады. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

 

***

Балықшылар сайысы

16 ақпанда Жайық өзенінің «Інжу-Маржан» шипажайы тұсында мұз астынан спорттық балық аулаудан облыс чемпионаты өтті.

Жарыстың бас төрешісі Роман ЛИДІҢ айтуынша, сайыс келесі ережелер бойынша өтті: жемсіз, 5 жылтырауығы бар қармақпен аулау. Қармақты қандай тереңдікке салуды чемпионатқа қатысушы  тәжірибесі мен сезгіштігіне сүйеніп, өзі шешті.

Бәйгеге барлығы 4 медаль тігілді. Жарысты бастау туралы белгі берілгеннен кейін қатысушылардан бірінші болып Қайреден САҒЫНДЫҚОВ жарты келі табан балығын ұстап, көзге түсті. Бәрінен көп 4 табанды Алексей ЦОЙ ұстады. Үкіні тез ою бойынша  эстафетаны АМӨЗ командасы ұтып алды. Ең ірі балық сыйлығына бір келі табан ұстаған Владимир ЖЕИНОВ ие болды.

 

 

***

Жеңімпаз команда 

Астанада джиу-джитсудан өткен Қазақстан Кубогында  «Айдар» КСК-ның шәкірттері (аға бапкер Б. Берғали) командалық бірінші орынды иеленді.

«Айдарлықтар» 6 салмақ санатында 3 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды. 50 келіге дейінгі салмақта Серікболсын Қожағалиев (№13 мектеп), 55 келіге дейінгі салмақта Елдос Оңайғалиев (агроколледж), 66 келіге дейінгі салмақта Аманбек Сәрсемалиев (мұнай колледжі) жеңімпаздар атанды. 66 келіге дейінгі салмақ бойынша қола Джахар Шапхатовтың (бизнес және құқық колледжі) еншісінде.

 

***

Зауыттың хоккей командасы

Мұз сарайында АМӨЗ хоккей командасының тұсаукесері өтті.

- Команда зауыт жастарының бастамасымен өткен жылы құрылған болатын,- дейді «АМӨЗ» ЖШС-нің спорт жөніндегі жетекші маманы Берік ЕРАЛИЕВ.Зауыт басшылығы олар үшін спортық киім, құралдар сатып алып, жаттығу үшін Мұз сарайын жалға алды. Біз алға қарай командамыз жақсы өнер көрсетіп, Атыраудағы басқа әуесқой командалар - «Прикаспиец», «Фантом», «Құрманғазы», «Атырау-Жарық» және «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» сияқты ұжымдарға бәсекелес болады деп үміттенеміз.

«Прикаспиец» командасына қарсы ойнаған алғашқы жолдастық кездесуде «АМӨЗ» құрамында «Фантомнан» ауысып келген Дмитрий Митрясов пен Алексей Стамов өнер көрсетті. Алайда бұл зауыттықтарды 3:6 есебімен ұтылудан құтқармады. «Прикаспиецте» әдеттегідей Раис Бекбаев, Талғат Ғабдолла және Вячеслав Балашов жақсы ойындарымен көзге түсті.

 

 

***

Желаяқтар жарысы 

Волгоградта Сталинград түбінде неміс-фашист басқыншыларына соққы берілгеніне 70 жыл толуына орай жүгіруден Бүкілресейлік жарыс өтті. Бұл жарысқа Атырау Мұнай және газ институтының жеңіл атлетика үйірмесінің мүшелері профессор Асқар ҚАЗИЕВ пен Ерғанат ТӨЛЕПИШЕВ (суретте) қатысты.

2, 5, және 10 шақырым қашықтыққа жүгіруге  800-ден аса спортшы қатысты. 10 шақырымдық қашықтықта 50-59 жас аралығындағы ардагерлер тобында А. Қазиев тоғызыншы болып келсе, 18-19 жас аралығында Е. Төлепишев 16-орынға табан тіреді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Жаттығу ауыр болса...

Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында «Атырау» футбол командасы украиналық «Ворскламен» бақылау матчын өткізіп, 0:1 есебімен ұтылып қалды.

-Жаттығу матчтарында нәтиже емес, ойын мазмұны маңызды, - дейді «Атырау» ФК директоры Асылбек ЖҮНТЕРБАЕВ. – Командалық байланыстарды реттеуде матч өте пайдалы болды.

Алға қарай черногориялық «Будучность», украиналық «Заря» және босниялық «Олимпикпен»тағы 3 матч жоспарланған.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

21 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.