Атырау, 30 қараша 02:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Жан Клодтың ізбасарлары

4 007 просмотра

Атыраулық кикбоксинг туралы облыстың аға жаттықтырушысы Рүстем ҚИСМЕТОВПЕН (суретте) әңгімелестік.

«ЖС» дереккөзі: Қисметов Рүстем Ғинаятұлы, 35 жаста, кикбоксингтен Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері.

- Кикбоксинг Атырауда 1996 жылдан бастау алды. Ең алғашқы бапкерлер – Сүндеткерей Қасанғалиев пен Қабибек Мұхитов.

Атыраулықтардың ішінен кикбоксингтен Марат Айтқалиев пен Қуанышбек Қосақов әлем чемпионы атанса, Андрей Смирнов Азия чемпионатының жүлдегері болды. Соңғысы Оралға көшіп кетті, қазір сол жақта бапкерлікпен шұғылдануда.

- Сіздер үшін өткен жыл қаншалықты сәтті болды?   

- Өте сәтті болды. Аллаберген Қайса жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды; Ерболат Оңаев, Әсет Мейірлан, Жандос Назарбеков және Сәлімжан Сәлімгереев өз салмақтары бойынша Қазақстан чемпиондары болды; Азамат Өтемісов, Есенаман Шонғарин, Мереке Бағытов, Айбар Бақтығалиев, Аманат Сабырғали, Ерғанат Кайыржанов, Азамат Мұратов, Айбек Шотаев және Салауат Зұлқашевтар түрлі турнирлердің жеңімпаздары атанды.

- Бұдан бірнеше жыл бұрын қыздар арасында кикбоксинг әйгілі болып еді. Қазіргі жағдайы қалай? 

- Бикештер арасында кикбоксинг қазір де әйгілі.  Тек бұрын шұғылданғандар қазір жұмыс жасайды және жарыстарға қатыспайды. Ал жаңадан келгендердің тәжірибелері аз. Біздің федерацияның демеушісі жоқ, сондықтан да жарыстарға жас спортшыларды қатыстыруға мүмкіндігіміз шамалы. Біздің турнирлерге бару сапарларымызды облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы ғана қаржыландырады.

- Жаттығуларға қайда жазылуға болады?

- Жаттығулар Авангард 2-ықшам ауданындағы тірек пунктіндегі кикбоксинг залында, сондай-ақ, Привокзальныйдағы №24 мектепте өтеді. Ганюшкино селосында бір топ бар. Жаттығуларды тәжірибелі бапкерлер Ерлан Сахипов, Қ. Қосақов, Данияр Юсупов, Георгий Волынский және Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Мазафур Сарыбалин жүргізеді.

- 2013 жылға қандай жоспарларыңыз бар?

- Наурыздың басында 1995-96 ж.т. жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Соған Азамат Өтемісовті, Ерғанат Айжановты, Жандос Назарбековті, Дәурен Керімді және Тілекқабыл Сатымбековты алып баруды жоспарлап отырмыз. Наурыздың соңында өтетін ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында көктемде Оңтүстік Кореяда болатын жабық орынжайлардағы Азия ойындарына қатысуға іріктеу жүргізіледі. Ал бұл Ойындардың нәтижелері бойынша жазда Бразилияда өтетін кикбоксингтен «лоу-кик» стилінде әлем чемпионатына және күзде Түркияда өтетін «фулл-контакт» бойынша әлем чемпионатына спортшылар іріктеледі.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

21 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.