Атырау, 26 сәуір 22:39
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден озды

1 748 просмотра

Қазақтың танымал классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында көз жұмды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаралы хабарды Қазақстанның Жазушылар одағы растады.

98 жасқа қараған шағында классик жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден озды, деп хабарлады Қазақстан Жазушылар одағы

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған.  1942–1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1956 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962–1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. 1992 жылдан халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы.  

Әдебиетке 1947 жылдан бастап араласа бастады.

Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» романы бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алды, экранға шығарылды.

«Соңғы парыз» роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді.

Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.  А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

5 ақпан 2022, 11:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.