Атырау, 4 қараша 15:29
 дождьВ Атырау +15.6
$ 453.26
€ 506.70
₽ 5.58

​Атырау облысының балық шаруашылығы саласына 25 млрд теңгеден астам инвестиция салынады

106 рет қаралды
Сурет: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Сурет: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі

Атырау облысында 2030 жылға дейін балық шаруашылығы саласында жалпы құны 25 млрд теңгеден асатын сегіз ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл соманың жартысына жуығы — 12 млрд теңгеден астамы — Құрманғазы ауданындағы «Шортанбай» балық өңдеу зауытын жаңғыртуға бағытталады.

«Шортанбай» зауытында 11 жаңа нысанның құрылысы басталып кетті. Жобада балықты қабылдау, тоңазыту, тұздау, ыстау және консервілеу, сондай-ақ уылдырық пен филе өндіру цехтарын ашу қарастырылған. Жаңғыртудан кейін кәсіпорын өнімнің 200-ге жуық түрін шығара алады.

Сонымен бірге, бұған дейін зауыт директоры Саламат Омаров Qazaqstan телеарнасына жобалау-сметалық құжаттамадағы қателіктерге байланысты жаңғыртуды қаржыландыру уақытша тоқтатылғанын хабарлаған еді. Құжаттар қайта сараптамаға жіберілді. Толыққанды жұмысты қайта бастау 2027 жылы, ал жобаны аяқтау 2028 жылдың бірінші тоқсанында күтілген болатын.

Балықты өңдеуден бөлек, өңірде тауарлы балық өсіруді дамыту жоспарланып отыр. 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 2,6 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. 2026 жылдың тоғыз айында Атырау облысының кәсіпорындары 7 мың тоннаға жуық балық өңдеді.

Балық ресурстарын сақтауға ерекше назар аударылуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 4 млн-ға жуық шабағы жіберілді. Сонымен қатар, балық шаруашылығы саласындағы заңнаманы бұзудың 2,4 мың фактісі анықталып, 168 іс сотқа жіберілді.

2026 жылы 16 балық кәсіпшілігі кооперативіне 16 мың тоннаға жуық балық аулауға лимит бөлінді. Бүгінгі таңда рұқсат етілген көлемнің 44%-ы игерілді.

Атырау облысы Қазақстандағы барлық балық аулау көлемінің 31%-ын қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық жобаларды іске асыру дайын өнім өндірісін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Бүгін, 14:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.