Атырау, 4 қараша 15:29
 дождьВ Атырау +15.6
$ 453.26
€ 506.70
₽ 5.58

​«Мен 20 жылдан бері террористпін»: Атырауда никаб киген әйелдер таңғаларлық мәлімдеме жасады

125 рет қаралды
Видеодан алынған стоп-кадр
Видеодан алынған стоп-кадр

Әлеуметтік желіде Атыраудағы базарлардың бірінде түсірілген бейнежазба тарады. Жазбада никаб киген екі әйел TikTok-тағы тікелей эфир кезінде парфюмерия сатып жатып, өзгеше мәлімдемелер жасайды: олар өздерінің терроризмге қатысы бар екенін және ҰҚК қызметкерлерімен байланысты екенін айтқан.

Трансляция барысында әйелдердің бірі 20 жылдан бері террорист екенін және тиісті тізімде тұрғанын мәлімдейді. Сонымен қатар, оның айтуынша, бұл тізімде оның есімі бірінші нөмірмен жазылған.

Сондай-ақ әйелдер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне күн сайын баратынын және ведомство ғимаратына көрші орналасқанын алға тартады. Әңгіме арасында олар ҰҚК қызметкерлерімен таныс екенін тілге тиек етіп, олармен жақсы қарым-қатынаста екенін айтады.

Бейнежазбаға никаб кию туралы әңгіме де түсіп қалған. Бір сәтте әйелдердің бірі жүзін ашады, алайда екіншісі оның қайтадан жабынуын талап етіп, бетті жауып тұратын киімді киюге өзі мәжбүрлегенін айтады. Ол өз кезегінде бетін тек тікелей эфир кезінде ғана жабатынын, ал күнделікті өмірде жүзін ашып жүретінін ескертеді.

Жазбаға қарағанда, трансляция көрермендері әйелдерге сұрақтар қойған, соның ішінде Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның кім екенін танып-білуге кедергі келтіретін киімдерді киюге салынған тыйым туралы да сұраған.

Бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқылау тудырды. Желі қолданушылары құзырлы органдарды әйелдердің мәлімдемелерін тексеруге және болған оқиғаға құқықтық баға беруге шақырды.

Полиция хабарламасы

Атырау облысының Полиция департаменті трансляцияға қатысқан екі әйелдің де жеке басын анықтағанын хабарлады. Олардың жасы 38 және 39-да.

— Полиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде құқыққа қайшы әрекеттерге жол берген 38 және 39 жастағы екі әйелді анықтады. Екі азаматша да полиция басқармасына жеткізілді, — деп хабарлады ведомстводан.

Анықталған дерек бойынша әйелдерге қатысты үш әкімшілік іс қозғалды: ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контентті тарату, сондай-ақ қоғамдық орындарда адамның жеке басын сәйкестендіруге кедергі келтіретін киім кию бойынша.

Әкімшілік іс материалдары сотқа жіберілді.

Бұдан бөлек, әйелдермен теологтың қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға заңнама талаптары, қоғамдық тәртіп нормалары және мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу керек екені түсіндірілді.

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі бейнежазбасының стоп-кадры
Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі бейнежазбасының стоп-кадры

Полиция әлеуметтік желі заңдардың күші жүрмейтін кеңістік емес екенін баса айтты.

— Кез келген құқыққа қайшы әрекеттерге, соның ішінде тікелей эфир кезінде жасалған әрекеттерге де тиісті құқықтық баға беріледі, ал кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп атап өтті полиция департаментінде.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 14:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.