2011 жылы Индер ауданындағы бес мектептің жаздық спорттық алаңдарын салуға 35 млн теңге бөлінген болатын. Ақша әрине, игерілді, бірақ, спорт алаңдары иесіз қалды.
Жамбыл атындағы және Махамбет атындағы мектептерде жасанды газон төсеу жұмысы да дұрыс атқарылмаған.
- Әлсіз жел тұрғанның өзінде газондар шеттері сыпырылып, ашылып қала беретін болды. Газондарды қазір қар мен мұз басып қалған. Көктем шығысымен, оларды лақтырып тастауға болады, - дейді Махамбет атындағы мектептің директоры Қоныс ЖАНАЛИСОВ.
Әуезов атындағы мектепте жасанды газондарды саз топырақтың үстіне жай төсей салған, ал дұрыс бекітілмеген торлар жыртылып кеткен, көмілмеген шұңқырлар жатыр (суретте). Оған қоса, есігі де дұрыс жабылмайды. Жарықтандыру да қарастырылмаған. Оқушылар мұнда келіп ойнамайды, себебі - қауіпсіз емес.
- Бұл спорт алаңдары мемлекеттік қабылдаудан өтпегендіктен, қазір иесіз жатыр, - дейді Әуезов атындағы мектеп директоры Майсара КИІКБАЕВА. – Және оларды мұндай күйде қабылдау да мүмкін емес.
Айтып өтейік, жұмыс тапсырысшысы - облыстық құрылыс басқармасы. Бәріне белгілі, жетекшісінің үстінен қылмыстық іс көтерілген болатын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА