Есбол селосы кезінде Индер ауданының орталығы болған. Мұнда бұрынғыдай халық тығыз орналасқан, қазір селода 5 мыңнан астам адам тұрады.
Ал селодағы проблема - сол баяғы ескі мектеп пен балабақшалардағы орын жетіспеушілігі және мәдениет ошағының жоқтығы.
Кулагин орта мектебі 76 жыл бұрын тұрғызылған.
- Бұл мектепті 1937 жылы мешіттің қызыл тасын бұзып, тұрғызған. Бұл ғимараттың қандай күйде екенін көріп отырсыз. Алайда, жаңа мектеп салу мәселесі әлі күнге дейін кейінге ысырылумен келеді, - дейді мектеп ұстаздары.
Аудандық білім бөлімінде балабақшадан орын сұраған жүздеген ата-ананың арызын шаң басып жатыр.
- Бұрын балабақша болған ғимарат гимназияға беріліп кеткен. Қазір оны қайтарудың жолы қарастырылуда, - дейді Индер ауданы әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ. - Биыл жаңа мәдениет үйі салынады деп отырмыз. Оның бұрынғы орнын балабақша айналдыру көзделуде, қаржысы шешіліп қойды. Ал ескі мектепті жөндегеннен ештеңе ұтпаймыз. Сондықтан жаңасын салу қажет. Біз бұл жөнінде өз ұсыныстарымызды енгіздік.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА