Атырау, 23 қараша 19:18
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр

2 775 просмотра

1905 жылы Құрманғазы ауданының Үштаған елді мекенінде дүниеге келген Жәмиға ЖАНШАЕВА (суретте) байлардың мүліктерін кәмпескелегенін, мыңдаған кедейлердің ұлы жұт жылдары қырылғанын өз көзімен көрді.

Бүгінде Жәмиға әже 108 жаста. Жүріп тұруы қиындаған оның бар мұңы бір бұл емес. Жасы ұлғайған шақта ол өзінің туғандарымен бірге жалдамалы үйде тұруға мәжбүр.

- Біз Ганюшкинода тұрғанбыз, - дейді Жәмиға әжейдің келіні Гүлшат СИДЕНОВА.Менің жолдасым Қайсағали БАЙСҰЛТАНОВ өз еркімен Чернобыльге жұмыс жасауға кетіп, 36 жасында қайтыс болды. Мен 4 баламен жесір қалдым. Үш қызым тұрмысқа шығып, Ганюшкинодан қалаға қарай қоныс аударды. Ұлым 2009 жылы көз жұмды, оның жасы 18-де болатын... Сөйтіп, біз мамамыз екеуміз ғана қалдық. Ауылдан жұмыс табу қиын, сондықтан біз балалардың қасына келдік. Қазір бір бөлмелі үйде күйеу балам, қызым және екі жиеніммен бірге тұрып жатырмыз. Ганюшкинодағы үйді сатқан жоқпыз. Ол қазір бос тұр.

Жәмиға әжей талай қилы кезеңді бастан кешірген. «Родина» колхозында қарапайым колхозшы болып, мал бақты, пішен шапты, қамыс тоқыды. Ферма меңгерушілігіне дейін көтеріліп, темір жол құрылысына да атсалысқан. Жолдасы Ұлы Отан соғысында қаза болып, одан ұрпақ та сүйе алмады: Қайсағали Жәмиға әжейдің жиені болып келеді. Ол оны өзінің туған баласындай тәрбиеледі. 

- Әже, сіз өмірдің қиын кезеңдерін бастан өткердіңіз, бірақ рух сергектігін сақтап қала алдыңыз... 

- Мен өзімді толық бақыттымын деп айта алар едім. Айналамды жақын адамдар қоршап, жанымда немерелерім мен шөберелерім жүр. Бірақ, менің жаныма бататын қайғым – ұлым мен немеремнің өмірден жастай кеткені. Ендігі қорғаным – Гүлшат. Мен оған ризамын.

- Мен сіздің өміріңізде бұдан да ауыр күндердің болғанын білемін, десе де сіз қазір қалай тұрып жатырсыз?

- Қарт адамның арманы - ел тыныштығы, балалардың амандығы мен бақыты. Бізді қарапайым қазақтың көп отбасыларының бірі болғандықтан елей бермейді. Бір ғасырлық ғұмырымда бастан не өтпеді, ең қиын кезеңді де бастан кешірдік қой. Өмірдің ең азапты шағы артта қалған болар. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.