Бүгінгі күні кітапқа деген қызығушылықтың түсіп кеткені анық байқалады. Десек те нағыз кітапқұмарлар әлі де бар. Атырауда да әр түрлі жас аралығындағы 100-ге жуық адамнан құралған кітапқұмарлар қоғамдастығы жұмыс істейді. Олар әзірге әлеуметтік желіде отырып, оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісіп, дау тудырған жаңа кітаптарды талқылайды.
Енді бір-бірімен сырттай таныс олардың жуырда ғана Әнуар ЖҰМАБАЙ мен Нұрлан ЕСМҰХАНОВ есімді жас кәсіпкерлер ашқан кітап дүкенінде жиі бас қосу мүмкіндігі пайда болды. Қалай болғанда да, арада осындай келісім бар.
Әнуарды кітап дүкенін ашуға итермелеген өзінің кітапқұмарлығы. Оның айтуынша, ол кітап дүкенін ашарда Атыраудағы кітап саудасымен жете танысып, оқырмандар сұранысын зерттеген. Кітап дүкенінде WI-FI көмегімен мұнда сатылатын кітаптар туралы мәліметті іздеп табуға болады. Және дүкенде өзін қызықтырған кітаппен танысып, оқып шығуға да мүмкіндік қарастырылған.
- Кітапты оқуға деген қызығушылық қандай қоғамда болмасын сақталады, - деп есептейді Әнуар. Сондай-ақ, ісі өрге жүзетініне сенімді.
Айнұр САПАРОВА