Наурыз айында Атырауда әскерге бармаған 22 мен 27 жас аралығындағы жігіттер үшін әскери салаға дайындайтын айлық курстар ашылады. Сондай-ақ, бұл курстан өткен жастарға әскери билет беріледі. Оқу ақысы – 210 мың теңге.
Бұл туралықалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Аслан МҰХАМБЕТӘЛИЕВ Абай Құнанбаев атындағы мектепте жоғарғы сынып оқушыларымен болған кездесуде мәлім етті.
Оның айтуынша, Атырау облысында әскери оқуға түсуге ниет білдіруші жастар саны өте аз. Мәселен, өткен жылы Атыраудан небары 8 адам әскери оқу орындарына түссе, Оңтүстік Қазақстан облысынан 100 адам, Шығыс Қазақстан облысынан 90 адам, Ақтөбе қаласынан 56 адам, Батыс Қазақстан облысынан 27 адам оқуға түскен.
Кездесу барысында оқушылар Ақтөбе қаласында оқып жатқан екі мәрте Кеңес одағының батыры атанған Т. Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының курсанты Қанат ҚУАНҒАЛИЕВПЕН (суретте) жүздесті.
- Біздің институтқа оқуға түсу үшін ҰБТ-дан 50 балдан жоғары жинаса жеткілікті. Курсанттарға жатақхана беріледі және үш мезгіл тамағы бар. Ең бастысы - әлімжеттік деген жоқ, - дейді Қанат.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА
Суретті түсірген автор