Атырау, 25 қараша 10:23
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қыры қалың қаламгер

9 089 просмотра

Биыл Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, белгілі драматург-жазушы Берік ҚОРҚЫТОВ тірі болса, 85 жасқа толар еді. Атаулы күнге орай өткен аптада Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Қыры қалың қаламгер» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. 

Берік Қорқытов- «Кіші жүздің билері мен батырлары», «Мақаштың шешендік сөздері», жинақтары мен «Махамбет», Кіндік шеше», «Жарайсың, шалым», «Жарайсың, бажа», «Жарайсың, бозторғай» атты комедиялық драмалар авторы. 

- Оның бозбала шағы Кеңес одағының тарихындағы әдебиет пен өнер үшін қиын болған жылдарға тап келді. 1947 жылы 1 ақпанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателері туралы» Қаулысы шығып, зар заман ақындарының шығармаларына жұрт үрке қарап жүрген кезінде 1 курс студенті Беріктің Мұрат Мөңкеұлының өлеңдерін жатқа соғып жүргенін сол кездері біреу білсе, басынан сипамас еді, - дейді  филология ғылымдарының докторы Қадыр ЖҮСІП.

Ол Шернияз бен Мұрат шығармаларының жинағын үлкен ізденісте жүріп құрастырған.

Кеңес үкіметінің Гурьевте орнауына арналған «Жайықта» атты тұңғыш драмалық шығармасын небары отыз жасында жазған екен. Оның «Махамбет», «Қазақ солдаты», «Кіндік шеше», «Жарайсың, шалым», «Жарайсың, бажа», «Жарайсың, бозторғай» атты 20-ға жуық пьесасы Торғай, Шымкент, Жамбыл облыстарының театрларында қойылды.

Теңдік ЖАУЫРОВ, журналист:

- Редакцияда қызметте жүргенде қалжыңдап, әрқайсысымыздың папкамызға ат қоятын. Хат, мақаланы ұзақ ұстап жүре беретін тілшілердің папкасының атын «Жата тұр» деп атайтын. Сондағы Бекеңнің қалжыңынан мақаланы сапалы, уақытында дайындау керек деген ұғым сезіліп тұрушы еді.

Қадыр ЖҮСІП, филология ғылымдарының докторы:

 -Бекеңнің ұзағынан ойланып отырып көкірегіндегі сөзді айтар жері осы мұражай мен драма театр болатын. Аншлаг болған пьесаларын көрген көрермен оны залдан іздей бастайтын. Ал мұны сезген ол тысқа ақырын шығып кетіп, шылымын шегіп тұра беретін.  Бұл – оның қарапайымдылығы дер ем.

Жиын соңында жазушының атын облыстық мұражайға беру туралы ұсыныстар айтылды. Ал мұражай директоры Серік МҰХАМБЕТОВ жазушы есімін облыстық кітапханаға берілуі тиіс екендігін атап өтті:

Берік Қорқытовтың есімін облыстық мұражайға беру туралы ұсыныс былтырғы жылы да түскен болатын. Дегенмен, жазушының шығармашылығы кітапханадан көбірек орын алатындығын ескерсек, облыстық кітапханалардың біріне осы есімді беруге де болар еді.

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

Суретті түсірген автор

21 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.