Балықшы-Жұмыскер көпірінің маңында жылдың басында банкрот деп танылған «Атыраубалық» АҚ-на тиесілі кемелер қалдығы бірнеше жылдан бері әлі жиналмастан жатыр.
- Міне қараңыз, бұл металл үйінділері Жұмыскер селолық округі әкімдігінен жүз метрдей жерде жатыр, - дейді Жұмыскер поселкесінің тұрғыны Жалғас КҮЗЕМБАЕВ. - Әкім өзінің қарауындағы аумақта не болып жатқанынан хабардар болып, жағдайға алаңдауы тиіс қой?
Жұмыскер селолық округінің әкімі Махамбет ҒИЛЫМОВ:
- Бұл «Атыраубалықтың» мәселесі. Мен біреудің жеке меншігіндегі объектісі үшін жауап бере алмаймын ғой.
Атырау облысы бойынша экологиялық департамент директоры Ербол ҚУАНОВ:
- Өзенге батқан кемелерді шығару - «Су жолдары» РМК Атырау филиалының міндетіне жүктелген.
«Су жолдары» РМК Атырау филиалы директорының орынбасары Нұрбол ҚҰРМАНОВ:
- Біздер бұл кемелер қалдығын алып тастай аламыз, бірақ ол үшін соттың кемелерді иесіз деп шығарған шешімі және соған сәйкес көліктік бақылау комитеті мен прокуратураның тарапынан берілген тапсырмасы болуы керек.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ