Атырау, 23 қараша 19:30
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мүлгіген тыныштықтағы әуен

2 061 просмотра

1937 жылы құрылған Қазақ саңыраулар қоғамы (ҚСҚ) 2012 жылы 75 жылдық мерейтойын атап өтті.

ҚСҚ облыстық филиалының төрайымы Замила Ахметова қалалық әкімдік пен жергілікті телеарнаның жаңалықтарды сурдоаудармамен жүргізу жөнінде келісімге қол жеткізілгенін қуанышты хабарға балайды.

- Бастапқы уақытта орыс тілінде таратылатын хабарларды өзім аударамын, ал қазақ тіліндегі хабарды аударатын мықты сурдоаудармашыны іздеймін, - деп жоспарымен бөлісті З. Ахметова.

- Бұл біз үшін өте маңызды. 2011 жылы қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы бірнеше жұмыссыз сурдоаудармашы дайындайтын курстан өткен. Бүгінде олардың үшеуі қалада, біреуі Құлсарыда жұмыс жасайды. Әрбіреуіне бірнеше адам белгіленген, оларды қажет жеріне апарып, тілдестіріп, қажетті құжаттарды жинастыру барысында көмектесу т.б. міндетті.  

Филиалдың оқу-өндірістік кәсіпорнында қазіргі уақытта 43 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейді. Пластикалық терезелер мен есіктер жасайтын және арнайы маман киімі, төсек орындар тігетін цех та бар.

- Мүмкіндіктері шектеулі жандардың өнімдерінің сапасы төмен деген қате пікір қалыптасуы мүмкін. Бірақ, бұл мүлде олай емес! Бізде жұмыс істейтіндер өте жауапты әрі ыждағатты. Біз мемлекеттік тапсырыспен бәсекеге қабілетті тауар жасап шығарамыз, - дейді филиал директорының орынбасары Сәуле ЖАНАЕВА.

Жалпы, олардың рух күшіне, өмірге деген құлшынысына тәнті болмау мүмкін емес. Жыл сайынғы «Саңыраулыққа бағынба, оны өзіңе бағындыр!» есту қабілеті шектеулі мүгедектер арасындағы аймақтық фестиваль өз жұлдыздарын жағуда. Онда би билеп, ән салады. Мәселен, әуенді жан-дүниесімен сезіне отырып, әдемі саусақтарын «сөйлете» білетін Наталья ЦОЙДЫҢ әндері қашан да жүрекке жетіп жатады. Бишілер, спортшылар, шахматшылар өз қабілеттерін көптеген конкурстар мен жарыстарда сынап жүр. Қуыршақтар жасайтын он саусағынан өнері тамған шебер Гүлнира ЕСКЕНДИРОВА туралы айтпау кетуге болмас. Атырауда оның жасаған қуыршақтарының сапасы бәсекелестік тудыра алатыны байқалып-ақ тұр.

З. Ахметова қазір оның қарауындағылар республикалық сайқымазақтардың конкурсына қызу дайындық үстінде екенін айтты. Әдемі қимылдарымен күлкі сыйлайтын арулар киімдерін өздері тігіп, дайындықты жібермеуге тырысып жүр. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

21 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.