АҚШ азаматшасы Ресейден асырап алған баланы өлтірген. Бұл туралы ақпаратты Ресейдің «Новости» агенттігі РФ балалар құқығы жөніндегі өкілі Павел Астаховқа сілтеме жасап хабарлап отыр.
«Техас штатында 3 жасар Максим Кузьмин (АҚШ-тағы есімі Макс Шатто) есімді асыранды баланы өгей анасының өз қолымен өлтіргені анықталды. Оқиға қаңтар айының соңында орын алған. АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің үн-түнсіз отырғанына қарамастан, Ресей Федерациясының елшілігіне бұл туралы ақпарат белгілі болған. Бала шақырылған медициналық жедел жәрдемнің келуін күтпестен жан тәсілімін берген. Патологоанатомдардың берген қорытындысына сәйкес, баланың денесіне түрлі зақым келгені анықталған», деп жазған Twitter микроблогына П.Астахов. Оның сөзінше, әйел адам асыранды баланы естен тандыратын заттармен тамақтандырған, өлер алдында оны аямай сабаған.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ аумағында Ресейден асырап алынған балаларға қатысты қылмыстық оқиғалар жиілеп кетті. Сол себептен, Ресей жағы «Дима Яковлев» оқиғасына орай аранйы заң қабылдаған болатын. Оған сәйкес, 2013 жылдың қаңтар айынан бастап америкалықтарға Ресейден бала асырап алуға тыйым салынып отыр.
Өз кезегінде АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің өкілі агенттікке хабарлағандай, «Техастың билік өкілдері аталған оқиға жайлы біледі және оны тексеруге кірісіп кеткен».
Дереккөз: Егемен Қазақстан