19 ақпанға қараған түні Әлия Молдағұлова көшесінде Ерік Мостовойға жақын маңда «Мицубиси» автокөлігі жолдан шығып кетіп, ГРПШ №10 және №400 – газбен жабдықтайтын 2 тарату жәшігіне зақым келтірген. Нәтижесінде Атырау ықшамауданындағы 70 үй газсыз қалды.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ӨФ апат қызметінің бастығы Нұрмұрат САРИКЕНОВТІҢ айтуынша, өз түсініктемесінде 22 жастағы жүргізуші қарсы жолақтан шыққан ВАЗ-2107 көлігімен соқтығыспау үшін жолдан шығып кетуге мәжбүр болғанын айтыпты. Газ жабдығы әжептәуір бүлініп, шүмектер мен редукторлар істен шыққан. Апат қызметкерлері тез арада жөндеу жүргізіп, газбен қамтуды қалпына келтіруге уәде берді. Ал жөндеу ақысын «Мицубиси» жүргізушісі төлейтін болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ