Атырау, 12 қазан 14:00
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

СІМ Тәжікстанда ұсталған Қазақстан азаматының заңды құқықтарын қорғауға бар күшін салады

2 795 просмотра
 

Сыртқы істер министрлігі Тәжікстанда ұсталған Қазақстан азаматының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бар күшін салады.

Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, Душанбе қаласында Украина азаматтары Александр Семиряков, Василий Яремчук, Евгений Ленокты қамауда ұстады деген күдікпен жергілікті құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының азаматы Сафарходжа Партоевты құрықтаған. Кейіннен оған  қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жұмыстарын Қазақстан Республикасының Тәжікстандағы Елшілігі бақылауда ұстап отыр.

С.Партоевтың туыстарының жеткізген мәліметтеріне қарағанда, жоғарыда аталған Украина азаматтарын ешкім қамауда ұстамаған, олар кедергісіз Душанбе қаласында жүріп-тұрған және Украинадағы туысқандарымен тұрақты түрде байланыста болған. Ал Елшіліктегі  ақпаратқа сай, Қазақстан азаматы мен Украина азаматы арасында бизнеске байланысты жанжал туындаған. С.Партоев пен А.Семиряков ортақ кәсіп - автокөлік тасымалдаумен айналысқан. Бизнестегі кезекті бір сауда-саттық барысында Украина азаматы А.Семиряков Қазақстан азаматы С.Партоевқа берешек болған. Нәтижесінде С.Партоев А.Семиряковтан ақшаны қайтаруды талап еткен. Бірақ, А.Семиряков бас тартып, оны және тағы екі азаматты (В.Яремчукты, Е.Ленокты) Душанбе қаласында қамап ұстап отыр деп туыстарына хабар жіберген. Ал туысқандары өз кезегінде Украина Сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдарына өтінішпен шыққан. Украина Сыртқы істер министрлігі орын алған оқиға жайлы дипломатиялық арналар арқылы Тәжікстан құқық қорғау органдарына ақпарат жеткізген.

Осының негізінде Қазақстан азаматы С.Партоев пен Тәжікстан азаматы Ш.Абдухалим Душанбеде ұсталды.

«Қазақстан Республикасының Душанбедегі Елшілігі 2013 жылғы 9 және 13 ақпан күндері екі мәрте Тәжікстан Сыртқы істер министрлігіне сұраныс жолдап, Тәжікстан құқық қорғау органдарынан ұсталған азаматқа қатысты толық ақпаратты және онымен кездестіруді сұраған. Тәжік тарапынан ресми жауап әлі күнге дейін келіп түскен жоқ. Бұл мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстандағы Елшіліктің тұрақты назарында. Қазақстан азаматының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бар күшімізді саламыз», - деді Жанболат Үсенов.

Дереккөз: ҚазАқпарат

18 ақпан 2013, 22:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.