Атырау, 26 желтоқсан 17:29
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Фермерлер су сұрайды

5 245 просмотра

Қалалық әкімдікте ауыл шаруашылығына арналған жиналыс өтті.

Қалалық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Ғилымжан ИМАНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, Приморье арнасындағы ЖЭО суын Кеңөзек және Қайыршақты селолық округтарының 30 фермерлік шаруашылығы пайдаланады екен. Сумен, сондай-ақ,  «Алғабас» ЖШС шөп шабатын 2 мың гектар жер суландырылады. Арна 16 мың гектарға дейін жерді суландыруға қабілетті, алайда бас «күре тамырдан» бастау алатын ұсақ өзектер тартылып қалған. Приморье суландыру жүйесін тереңдету облыс орталығының фермерлік шаруашылықтарын 80%-ға дейін шөппен қамтамасыз етер еді. Осы жұмыстарды жобалау үшін 12 млн теңге керек.

Қара өзек пен Соколок арнасында да осындай жағдай. Қара өзектің бойында 40-45 шаруа қожалығы орналасқан. Егер осылар электрмен, газбен және сумен қамтылса, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді қолға алуға болады.

Ауыл шаруашылығын қолдау қоры филиалының директоры Гүлзада ШАЛАҒҰЛОВА 2013 жылдан бастап ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге беретін қор несиесінің мөлшері 7%-дан 5 жыл мерзімге 13,8 млн теңгеге дейін көбейтілді. Аграршыларға техника алу үшін 25 млн теңгеге дейін лизингтік несиелер беріледі. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жылға 6%-дық мөлшерлемемен 3 млн-ға дейін несиелер алуға болады.

2012 жылы 1742 гектар егін орнынан 32 мың тонна көкөніс, 3,7 мың тонна картоп, 7 мың тонна бақша өнімдері алынды. Тамшылатып суару ауданы  140 гектарды  құрады, бұл 2011 жылдан 60 га артық. 72 гектар жоңышқа мен 20 гектар жүгері өндірісін игерген «Қарағаев» ШҚ озаттар қатарында. Шаруашылықта 1,5 мың қаз бен үйрегі бар құс фермасы бар.

Қалалық әкімдіктің болжамы бойынша, 2013 жылы тамшылатып суландырумен қамтылатын жер көлемі 200 гектарға дейін өседі. Жалпы көлемі 2,5 гектар болатын 2 жылыжайды іске қосу жоспарланып отыр. «Арай» және «Қорлан» шаруа қожалықтарының жылыжай салу, «Мырзақұлов», «Сұлтан», «Омарова», «Арай» қожалықтарының қасапхана, балық, шұжық цехтарын және ешкі өсіру фермасын салу бойынша жобалары қаралып жатыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

18 ақпан 2013, 10:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.