Атырау, 25 сәуір 22:34
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

ҰБТ орнына портфолио келуі мүмкін - BTS Education басшысы білім берудің болашағы туралы

1 371 просмотра

Пандемия адамзатты жаңа өмірге аяқ басуға біз ойлағаннан да жылдам ықпалын тигізді, бұл - цифрлық өмір. BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек осындай пікір айтады. Ол Tengrinews.kz порталының "Оnline мектеп" жобасы аясында қашықтан оқытудың қиындықтарын айтып берді, сондай-ақ Қазақстандағы онлайн оқыту жүйесін қалай жақсартуға болатынын әңгімеледі.

BTS Education - білім беру өнімдерін әзірлейтін компания. Қазір ол Жаңа кәсіптер атласы, EduNavigator (оқушыларға арналған кәсіптік бағдар) және JumysBar (білім беру IT-платформасы) сияқты жобаларды жүргізіп жатыр.

Узнать больше

Саясат Нұрбек пандемия кезінде Білім министрлігі қолда бар барлық құрал мен арнаны: онлайн, радио, ТВ, баспа оқу материалдарын тарату, мұғалімдерге телефонмен кеңес беру арқылы қолдан келгеннің бәрін жасағанын атап өтті. Ең тиімді модельдердің бірі - теледидардан білім беру мен онлайн-интерактивтің үйлесімі, өйткені ол көп баланы қамтуға мүмкіндік береді.

"Бірақ мұндай модельдің өзі білім беруде 100 пайыз сапа бермейді. Қашықтан оқуға жаппай және қауырт көшуіміз, өкінішке қарай, қашықтан оқытуды қабылдамауға немесе тіпті теріс қабылдау жағдайына әкелді. Оған дайындықсыз көшкеннен онлайн білім берудің барлық басымдығын көрсетпестен осал тұстарымыз анықталды. Ал шын мәнінде, онлайн-білім беруде мүмкіндік көп, ол дәстүрлі оқуды цифрлық ресурстармен және құралдармен үйлесімді толықтыра түседі", - дейді ол.

Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың алдында тұрған бірінші мәселе - заңнамалық базаның болмауы еді. Қолданыстағы заңнамада "қашықтан білім беру" деген ұғым қарастырылмаған, сондай-ақ оқытудың осындай форматын жүргізуде тәжірибе болмады. 

Фото: elements.envato.com

Саясат Нұрбек коммуникациялық инфрақұрылымның жетіспеуі - негізгі проблемалардың бірі болғанын да айтты. "Инфрақұрылымдағы проблемалар ұлттық IT-платформаларға бір мезетте миллиондаған мектеп оқушысы мен мұғалімді оқу процесіне қосуға мүмкіндік бермеді. Цифрлық сауат пен дағдылар тұрғысынан педагогтердің білігі мәселесі де бар", - дейді BTS Education директоры.

Әрі қарай, ол жабдықтардың жетіспеуі мәселесін көтерді. Шалғайдағы ауылдық жерлерде тұратын және аз қамтылған отбасылардағы оқушылардың ата-аналарында ең алдымен баланы компьютермен және интернет-сыныппен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Ол шектеулі немесе мүлдем жоқ болды. 

"Мектеп оқушылары, әсіресе бастауыш сынып оқушылары ересек мұғалімсіз қашықтан оқи алмайтыны белгілі болды, ал ата-аналар оны алмастыра алмады. Осыдан оқу процесінде шыдамдылық пен зейінді сақтау проблемалары туындайды, бұл білім деңгейінің төмендеуіне тікелей әсер етті. Үйде оқушының оқу процесіне толыққанды енуіне мүмкіндік болмайды", - дейді Саясат Нұрбек.

Ол қашықтан оқу енгізілгелі бір жылдан аса уақыт өтсе де, бұл формат реттелді деуге әлі ерте екенін айтты. "Басты себеп - онлайн-форматтың мәжбүрлі және шұғыл енгізілуі, көптеген шешімді қысқа мерзімде қабылдау керек болды. Мұндай асығыс шешімдер мінсіз болмайтыны да сөзсіз", - деп түсіндірді Саясат Нұрбек.

Ол мектеп, колледж және ЖОО-лардың дәстүрлі оқыту форматына шығуымен қашықтан оқытуға байланысты проблемалардың туындауын одан әрі болдырмау үшін шаралар әзірлеп, қабылдау қажет екенін айтты.

"Бірінші кезекте онлайн-білім беру платформаларын дамыту бойынша ұзақ мерзімді перспективада жұмыс істеу керек. Әлем елдері болашақта неғұрлым тұрақты білім беру жүйесінің негізін құруға ерекше назар аударып жатыр. Үкіметтер білім беру қызметтерін көрсетуді жақсартуға, соның ішінде мұғалімдердің білігін арттыруға және еңбегіне ақы төлеуге, эмоционалдық қолдау мен жұмыс жүктемесін басқаруға инвестиция салып жатыр, сондай-ақ, оқу бағдарламасын қалай аяқтағанына қарағанда баланың жеке оқуына көбірек көңіл бөледі", - деп санайды Саясат Нұрбек.

Ол Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқыту кезінде қазақстандық мұғалімдер мен оқушыларға бірнеше негізгі интернет-платформаны ұсынғанын еске салды. Біріншісі - Kundelik.kz. Екінші платформа - Bilimland.kz. Үшіншісі - Daryn.online және басқалары. "Менің ойымша, жалпы өте дұрыс шешім болды - өңірлер мен мектептер қандай платформаны пайдаланатынын өзі тәуелсіз шешті, яғни нарыққа жаңа ойыншылардың шығуына мүмкіндік беретіндей тәсіл қолданылды. Бұл платформаларда барлық пән мен ғылым бойынша қажетті білім алуға мүмкіндік беретін дайын видеосабақтар, мультимедиялық ресурстар бар, бірақ олардың бірде-біреуі онлайн оқуды толыққанды ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді", - дейді Саясат Нұрбек.

30 қараша 2021, 12:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.