Украинаның Запорожье қаласында карате-до-шотаканнан халықаралық жиындар мен турнир өтті.
Турнирге Украинадан, Ресейден және Қазақстаннан 150 спортшы қатысты. Жиындар мен жарыстар Бүкіләлемдік Каратеномичи федерациясының (Karatenomichi World Federation – KWF) шебері Микио Яхардың стильдік бағыты бойынша өтті.
Қазақстан атынан жарысқа атыраулық «Жолбарыс» спорт клубының командасы қатысты. Командалық кумите дәстүрлі «Шобу-Иппон» бойынша, яғни, ешқандай қорғаныс құралдарын қолданбай өткізілді және бұл айқастарды қызықты ете түсті. Қазақстан мен Украина ересек спортшылары арасында өткен айқас ең тартымды болды. Кескілескен ұрыс қазақстандықтардың пайдасына шешілді.
Манас Темірханов(политехникалық колледждің студенті), Темірлан Кенжиев (АМУ студенті), Аманғали Өтебалиев (АМУ студенті) және Ринат Жарылғасынов (№10 мектептің оқушысы) турнир жеңімпаздары атанды. Құрамында Бекзат Сайнов (№27 мектеп оқушысы), Әли Хайролла (ЗТГ оқушысы) және Тұрлан Бисенова (№30 мектеп) өнер көрсеткен кіші топ қола медальға ие болды. Қыздар арасында Жадыра Өтекова (АМУ студенті) «күміс» алса, Жібек Мұхамбетқалиева «қолаға» қол жеткізді. «Жеңіске деген жігерлігі үшін» арнайы сыйлығы турнирдің ең жас қатысушысы Бекзат Сайновқа берілді. Спортшыларды ҚР еңбек сіңірген бапкері, облыстың аға жаттықтырушысы Ерікқали Қойшекенов (5 данды қара белдік) дайындады. Спортшылар мен федерация басшылығы ата-аналар комитетіне алғыстарын білдіреді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ