Қазіргі уақытта Балықшы, Жұмыскер, Атырау, Еркінқала, Кеңөзек, Дамбы, Ақсай, Қайыршақты, Геолог селолық округтерін қалаға қосу және селолық әкімшілік дәрежесін жою туралы мәселе қаралуда.
Осыған орай 12 ақпан күні Жұмыскер поселкесінде қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ жергілікті халықпен кездесті. Жұмыскер халқын «қала тұрғындарына» айналулары мүмкін деген хабар қуанта қойған жоқ. Мәселен, енді барлық анықтама қағаздарын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына баруға тура келетін болады. Ал бұрын бәрін село әкімінен сұратып алатын.
- Ал ауыл мұғалімдеріне берілетін 25 пайыздық қосымша ақымыз не болады? – деп сұрады жергілікті мектеп мұғалімдерінің бірі. Бірақ, ақыры жауап ала алмады.
Жұмыскер селолық округінің әкімі Махамбет ГИЛИМОВ Айтпаевқа қарата, өзінің және аппарат қызметкерлерінің тағдырына алаңдаулы екенін жасырмады:
- Қазір менің қарауымда 7 маман жұмыс істейді. Қала маңындағы селолық округтер қалаға қосылғаннан кейін бізге де бір жұмыстың реті табылар деп үміттенеміз.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ