Атырау, 23 қараша 18:56
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Гулливер Александр және түймеқыз Ақерке

10 388 просмотра

Оның жасы 26-да. Өзгелерден ерекшелігі – алыптығы. Оның бойы 217 сантиметр, салмағы 140 келі. Біз Александр ДЕМЕУОВПЕН Балықшыдағы спорт кешенінде кездестік. Ол облыстық отырып ойнайтын волейбол командасының мықты ойыншыларының бірі. Ұлттық құраманың қатарында әлемнің көптеген елдерін аралап, талай жеңістің дәмін татып үлгерді.

Алғашында сәл қобалжып кеткенмен, кейін оның жайдары сөйлегені әңгімеміздің жалғасуына дем бергендей болды.

- Сіздің бойыңыздың өзгелерден ерекшеленіп тұрғаны қай кезде байқалды?

Гигантизм – бала немесе жасөспірім жасында соматотроп гормоны (өсу гармоны) көп бөлінуі салдарынан болатын клиникалық синдром. Және ол дененің шектен тыс өсіп, бойы ұзаруына әкеп соғады.

- 7-сыныпта оқып жүргенде байқалды. Мен анам және 14 жасар ініммен бірге тұрамын. Олардың бойлары қалыпты. Ал маған «гигантизм» диагнозы қойылған.

- Бойыңыздан қиналатын немесе, керісінше, оң пайдасын келтірген кездер болып тұра ма?

- Волейболда бойдың ұзындығы белгілі бір пайдасын тигізеді. Бірақ, шеберлік те қажет. Ал жеке өмірде әрине, кедергі келтірер тұстары аз емес. Мәселен, біздің 5 қабатты үйдегі пәтерімде мен сәл де болса еркін қозғалуым үшін есіктердің бәрін алып тастап, арка жасап қойдым. Тағы бір проблема – менің бойыма сай келетін киімдер мүлдем жоқ! Жер-жерге жарыстарға барғанда киім-кешегімді жаңартып тұрамын. Тапсырыспен тіктіртуге де болады, бірақ ол қалтаға салмақ түсіреді. 

Рекордтар кітабы бойынша жер бетінде өмір сүріп келе жатқан ең үлкен адам - фермер Сұлтан КОСЕН. Оның жасы 26-да. Ол Түркияда тұрады.Бойы 2 метр46 сантиметр.

- Волейболға қалай келдіңіз?

- Волейбол ойнағаныма 4 жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеймін. Біздің құрама еліміздің 2011 жылғы чемпиондары, 2012 жылы Египетте өткен Әлем Кубогының қатысушысы, сол жылы маусымда Польшада және қыркүйекте Ресейдің Омск қаласында өткен Халықаралық турнирлердің 3-орын жүлдегерлері. Спорт, әрине, мен үшін маңызды. Ал жалпы, өзімнің сырқатыма көңіл бөлмеуге тырысамын. Осы дұрыс деген ұстаныммен өмір сүремін. Мен ғашық та болып көрдім, екеуміз екі жаққа кеттік. Дегенмен, мен міндетті түрде өзімнің жартымды табатыныма сенемін.     

- Болашаққа құрған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

- Қазір мен жанымды түсінер аруды іздеу үстіндемін. Отбасын құрып, әке атанғым келеді. Ал спорттағы арманым - командадағы өзімнің жолдастарыммен бірге олимпиада ойындарының алтынын ұтып алғым келеді.   

10 жастағы Ақеркенің анасы Айман Астанадағы Ана мен бала орталығындағы мамандардың «хондродистрофия» диагнозын қойғанын айтады. Алайда, бұл ақырғы диагноз емес.

- Ақерке дүниеге қалыпты болып келді: бойы – 54 сантиметр, ал салмағы – 3,300 грамм. Ал 1 жас 8 ай шамасында оның бойының өспей тұрғанын байқадым. Сол кезден бастап біз дәрігерлерге қаралып, ем алуды бастадық. 6 жасында оған Астана қаласында профессор Илизаров әдісімен операция жасады. Ол кезде бұл әдістің отандық медицина тәжірибесіне жаңа еніп жатқан кезі болатын. Біздер тәуекелге барып операция жасатқан екінші бала болдық. Сол кезде бойы 85 см болатын, ал қазір 1 метрге жетті.

Дәрігерлердің айтуынша Ақеркенің бойы баяу болса да, өсіп келеді. Илизаров аппаратының да көмегі көп.

Хондродистрофия– сүйек дамуындағы ақау, яғни ахондроплазия. Ондайда  қолдары мен аяқтары қысқа болғанмен, денесі қалыпты жағдайда дамиды.

- Ақерке үшінші сыныпқа дейін үйден оқытылды. Бірақ кейін мен қызымның қарапайым мектепте оқуына қол жеткіздім, - деп жалғастырады Айман. – Менің қызым талантты. Оқудан тыс уақытта ән айтып, би билейді, байқауларға қатысады.

Республикалық «Жұлдызай» фестивалінде үшінші орын алып, жүлдегер атанды және «Көрермендер көзайымы» номинациясын иеленді. Сурет салғанды жаны жақсы көреді. Мектепте де сыныптастары, ұстаздары қызымды өткізілетін шараларға үнемі қатыстырып отырады.

Гиннесс рекордттар Кітабы әлемдегі ең кішкентай адам 72 жастағы непалдық Чандра Бахадур ДАНГИ екенін растап отыр. Оның бойы - 54,6  сантиметр.

...Ақеркенің өзін еркін ұстап, бәрімен де жақсы тіл табысып кететіні көрініп-ақ тұр. Ол үстел үстіне ыңғайланып отырып алды да, әңгімеге дайын екендігін аңғартты.

- Ақерке, сен нешінші сыныпта оқисың?

- Бесінші сыныпта.

- Қандай пәндерді көбірек ұнатасың?

- Математика, ағылшын тілі және бейнелеу өнері.

- Болашақта кім болғың келеді?

- Мен үй ішін сәндегенді ұнатамын. Сондықтан интерьер дизайнері болғым келеді. Францияға барып, сән әлемімен танысуды армандаймын.

- Құрбыларың, достарың көп пе?

- Иә, көп, мен бәрімен дос болуға тырысамын.

 - Оқу үлгерімің қалай?

- Менде барлық сабақтан бес. Қараңызшы, мынау - менің мақтау қағаздарым, - деп бізге өзінің жетістіктерін растайтын мақтау грамоталарын кезек-кезек көрсете бастады Ақерке. Бұл кішкентай ханшайымның қылығына тәнті болмау мүмкін емес. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

14 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.