12 ақпанда Атырауға бокстан 2012 жылғы Олимпиадалық ойындардың чемпионы Серік СӘПИЕВ келді.
Cол күні ол өз бастамасы бойынша спорт кешені салынғалы отырған Құлсары қаласына барды. Құрылысқа 1-ықшам ауданнан жер учаскесі бөлініпті.
Серік - екі дүркін әлем чемпионы (2005, 2007), екі дүркін Азия чемпионы (2007, 2009), Азия ойындарының жеңімпазы (2010). 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада мамандар Серік жүлде алады деп үміттенген, алайда ол жартылай финалда тайландтық олимпиада чемпионынан ұтылып қалды. Осыдан кейін Серік келесі ауыр салмаққа (64 кг-нан 69-ға) ауысып, өміріндегі ең басты медаль Лондон Олимпиадасының «алтынына» қол жеткізді.
13 ақпанда ол Геолог селосында жергілікті бокс секциясына қатысушы балаларға мастер-класс көрсетті. Сол жерде Серікпен кездесіп, әңгімелестік. Ол бізге өз спорттық карьерасын аяқтағанын, әуесқой бокстағы барлық жүлделерді ұтқанын, кәсіпқой боксқа барғысы келмейтінін айтты. Олимпиададан кейін ол Қазақстан бокс федерациясының спорттық директоры болып жұмыс жасайды. Жаңа жыл қарсаңында Серік және Мая Сәпиевтер отбасында бақытты оқиға болды - өмірге екінші қыздары келді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген Қанат ЕЛЕУОВ