Атырау, 19 сәуір 03:38
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

​Солтүстік Қазақстанда локдаун енгізілуі мүмкін

1 361 просмотра
Сурет: Ксения Воронина

Солтүстік Қазақстан облысы қызыл аймақтан шығар емес. Сала мамандары өңірде эпидахуалдың  күрделі екенін айтады. Күн сайын орта есеппен 150-ге жуық адам қауіпті індетті жұқтырады. Өлім-жітім көп. Егер жағдай әрі қарай ушықса, локдаун енгізілуі мүмкін, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Петропавл қаласының тұрғыны Ольга Ринева ауруханаға үш күн бұрын түскен. Ол карантиндік талаптарды қатаң сақтағанын, вакцина да салдырғанын айтады. Бірақ қанша сақтанса да, жұқпалы дертке қарсы тұра алмапты.

"Екінші вакцинаны 20 қазанда  алдым. Антидене әлі қалыптасып үлгермесе керек.  Коронавирусты қайда жұқтырғанымды білмеймін. Қарашаның бесінде ауырып, алдымен үйде емделдім. Артынша дем алуым қиындап, тынысым тарылған соң дәрігер көмегіне жүгіндім. Бірден ауруханаға алып кетті. Қазір жағдайым орташа", - дейді Ольга Ринева.

Қызылжар өңірі бір жарым айдан бері қызыл аймақта тұр. Тек өткен тәуліктің ішінде өңірде 143 адам қауіпті вирус жұқтырған. Облыстағы ауруханалардың бір мезетте 1700ден астам науқасты емдеуге мүмкіндігі бар. Қазір емдеу бөлімшелері 40 пайыз толық. Күніне 4-5 адам короновирустан көз жұмады дейді дәрігерлер.

"Жасанды тыныс алдыру құрылғылары мен дәрі дәрмек жеткілікті. Былтырғыдай проблема жоқ. Қазір вирус өзгерген, белсенділігін арттырып отыр. Сондықтан көп жағдайда үлкен кісілер дертке қарсы келе алмай жатыр. Короновирустан қайтыс болғандардың  басым бөлігінде қосымша аурулар болған. Жүрек қан тамыры, қант диабеті деген сияқты", - дейді Петропавл қаласы көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Жанна Маутова.

Өңірде той-томалақ пен мереке-жиындарды өткізуге тыйым салынған. Ал ойын-сауық орталықтарына демалыс күндері тек жасыл статусы бар адамдар ғана кіре алады.

"Дәл қазір коронавирус инфекциясы шарықтау шегінде тұр. Ешқандай төмендеу де, өсім де байқалмайды. Бір деңгейде тоқтап тұр. Егер бұл жағдай әрі қарай өршісе, бұдан да қатаң шаралар қолданылуы мүмкін. Мысалы локдаун енгізілуі мүмкін", - деп түсіндірді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Атамбаева.  

Облыста тұрғындарды вакциналау шарасы өте  баяу жүріп жатыр. Екпенің қос компонентін 240 мың адам, яғни өңір халқының шамамен 65 пайызы ғана салдырған. Бүгіннен бастап  жасөспірімдер пен жүкті әйелдер вакцина алуда. Облыста 30 мыңнан астам жасөспірім бар.

19 қараша 2021, 09:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.