Атырау, 9 қазан 05:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Депутат Қазақстандағы футболды қаржыландыру жөнінде: Миллиардтар желге ұшты

1 206 просмотра

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса 2022 жылғы әлем чемпионатындағы іріктеу матчында Франциядан Қазақстан құрамасы жеңілгеннен кейін мемлекет тарапынан футболға бөлінетін қаржыға қарсы шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Бұқаралық ақпарат құралдары футбол клубтарына 71 миллиард теңге, ал "Астана" клубына 15 миллиард теңге жұмсалғанын жазып жатыр. Осыншама ақша бөлгендегі нәтиже қайда? Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Азамат Айтхожин: "Біз бюджеттен ақша алмаймыз. Қандай миллиардтар туралы айтылып жатыр? Бар болғаны 200 миллион теңге алдық. Ал жеңіліске жақсы ойыншылардың жоқтығы себеп болды".
Федерация бюджеттен бір тиын да алмайды, бірақ федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы қаржы алып отыр дейді. Соңғы жылдары облыс әкімдіктері кәсіпқой клубтарға 111 миллиард теңге бөлді. Мұнда федерацияға демеушілер мен республикалық бюджеттен, УЕФА, "Самұрық-Қазына" және тағы басқалардан бөлінген қаржыны қоссаңыз өте көп қаражат. Бірақ ресми дерек жоқ", - деді депутат премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында.

Сондай-ақ, Қазыбек Иса Қазақстан чемпионатында 371 футболшыдан 150 легионер, ал бірінші лигадағы 16 футболшы қоссақ 166 легионер бар екенін мәлімдеді.

"Халық мүлкі қазақстандық футболды дамытуға емес, шетелдік футболшыларды байытуға жұмсалады. 30 жыл ішінде Қазақстан бір ғана стадион салды. Футбол бюджеті біздікінен екі есе аз Өзбекстан осы уақыт ішінде 10 заманауи стадион салды. ФИФА рейтингі бойынша Қазақстан қазір 125-орында. Ал футбол бюджеті ТМД-да ең төмен Қырғызстан 96-орында", - деді депутат.

Ол сондай-ақ мемлекет есебінен 78 қазақстандық бала Бразилияға футбол оқуына барған Ole Brasil академиясын атап өтті. Айтуынша, қазір дайындықтан өткендердің ешқайсысы футбол ойнамайды.

"Біз миллиардтаған ақшаны желге жұмсаймыз, ал ауылдарда тіпті жол салуға қаржы жетіспейді. Біздің клубтардың ешқайсысы ТОП-100 әлемдік рейтингіне кірмейді, топ-200 соңында. Біздің бірде-бір футболшы үздік 500 футболшының қатарына кірмейді. Демек, біз масқара болу үшін футболға халықтың қаражатын құйып жатырмыз. Сондықтан гол соға алмайтын футболға миллиардтаған қаражат шашуды, халық ақшасын пайдалануды тоқтату керек", - деді депутат.

Депутат "Ақжол" фракциясы атынан бюджетке байланған футбол клубтарының барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды.

"Әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнында отыра алмайды. Мемлекет қаржысын балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар жаттықтырушыларын даярлауға бағыттау керек. Ауылдарда дарынды балаларға жағдай жасау керек. Шағын тегін спорт залдарын салу керек. Жаттықтырушыларға лайықты жалақы төленуі керек", - деді депутат.

Сондай-ақ елдегі футболға жұмсалатын қаржының ашықтығын талап етті.

"Осы уақытқа дейін мемлекеттен футбол саласына бөлінген қаржы туралы есеп беру керек. Өйткені бұл салық төлеушілердің ақшасы. Кәсіби футболшыларға бюджеттен қанша қаржы бөлінеді? Қазақстан футбол федерациясына жыл сайын қанша қаржы бөлінеді. Туризм және спорт саласын қолдау қорынан жыл сайын қанша қаржы бөлінетінін және қайда жіберілетінін халық білуі керек", - деп қосты мәжілісмен.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеуді D тобында соңғы орында аяқтады.

17 қараша 2021, 14:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.