Атырау, 25 қараша 10:27
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аудан жаңалықтары

1 977 просмотра

Көш маусымға дейін жалғасады

Мақат ауданындағы Байшонас поселкесінің халқын өткен жылдан бастап қолға алынған көшіру жұмыстары жалғасуда. 

Күні бүгінде Атырау қаласына 232 отбасы қоныстанып болса, қалған 145 отбасы осы жылдың маусымына дейін көшірілмек. 

- Тұрғындардың көшу ісін біздің мекеме ұйымдастырып отыр, -дейді «Доссормұнайгазөндіру» басқармасы бастығының орынбасары Самат МҰХАНБЕТОВ. – Біз адамдарды көлікпен қамтып, тұрғындардың жаңа қоныстарына орналасуына жағдай жасаудамыз. Рас, екі жылу қазандығының біреуін тұрғындар азайғасын тоқтатуға тура келді, бірақ поселкеге су, жылу беру тоқтатылған жоқ. 

Ал ауысымдық негізде жұмыс жасайтын мұнайшылар үшін 4 автобус бөлінген. Сондай-ақ, Байшонаста 30 төсектік жатақхана мен асхананы жабдықтау жұмыстары жүргізілмек.

 

***

Ішек сырқаты өршіп тұр

2013 жылдың қаңтар айында Жылыой ауданында 52 өткір ішек аурулары тіркелген.

Бактериялық зертханада жүргізілген анализ қорытындылары науқастардан ішек аурулары вирусын анықтады. Тағы бесеуінен  ротовирус таяқшалары табылып отыр. Ал 41-і вирусты инфекциялардың асқынуынан пайда болған.

- Тұмау, тыныс ауруының қабынуы вирусты инфекцияға әкеліп соқтырып, адамның басқа органдарына кері әсер етеді,- дейді Жылыой аудандық МСЭҚБ бастығы Алмажай ҚАЛМҰХАНОВА. - Сол себептен адамдардың иммунитетін көтеру үшін витаминді көп жеп, дене жаттығуларын жасап тұрғаны дұрыс.

***

 

Жылқы құтырды

Жылыой ауданындағы Қара-Арна селолық округіне қарасты «Құлжан» қыстағында 1 жылқыдан құтыру ауруы анықталған.

Лабораториялық зерттеулер қорытындысына сәйкес бұл аурудың таралуына қарсы шара алынды. Санитарлы-эпидемиологиялық станция қызметкерлері қыстақта тұратын жеті адамға құтыру аруына қарсы екпе салды.

***

 

Ескі үйдің дәуірі

Тәуелсіз сарапшылар Құлсары қаласындағы тозығы жеткен 78 көпқабатты үйлердің тізімін жасады.

Осы 2, 3 қабатты үйлердің басым бөлігі 50-жылдары тұрғызылған. Бұлардың бірде-біреуіне осы кезге дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген.

Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ айтуынша,биыл 70 үйге терможаңғырту жүргізілмек. Оған қоса, 1-ші және 3-ші ықшам аудандағы 10 үйді де жаңғырту жұмыстары күтіп тұр.

- Бұл үйлердің бәрін бірден бұзып, қайта салу мүмкін емес. Алдағы жоспарлы жұмыста 60 пәтерлік бес үйді салу көзделуде. Десек те, бәрі қаржыға байланысты. Негізінен моноқалаларды дамытуға тұрғын үй құрылысы кірмейді. Сол себептен биыл, ең болмаса, екі үйдің іргетасын көтерсек деп отырмыз. Күні бүгінде салынатын үйлердің жері белгіленіп, жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде,- деді әкім.

***

 

Ошағанмен күрес

Құрманғазы ауданында ошағанмен күрес жүріп жатыр. Қаптаған зиянкес өсімдік 4 гектарға жуық жерді басып үлгерген.

- Бірінші кезекте өзеннің жағасына жаппай өскен ошағанды құрту қажет, -дейді Құрманғазы ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Махмут ЖАНХАНОВ. – Себебі, ошағанды мал жемейді. Бұрын көктемде су тасып қайтқан кезде дымқылға картоп өсіріп, шыққан өнімді ауыл адамдары жинап алатын. Ал қазір бұл қаптаған зиянкес өсімдіктің кесірінен мүмкін емес. 

Аудандық ауыл шаруашылығының есебі бойынша ошағанды жою үшін 45 млн теңге қажет. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.