Атырау, 25 қараша 10:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ауруынан айыққан құрылыс

2 344 просмотра

Жерұйық ықшам ауданындағы 180 орындық облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы Тәуелсіздік күнінде пайдалануға беріледі. 

Осы маңызды нысанды бастапқыда 2009 жылы саламыз деп жоспарлаған болатын, алайда жұмыстарды бастау бірнеше рет кейін шегерілді («АЖ» 02.02.2012 күнгі №5 «Нысан құны құпия» мақаласын қараңыз). Аурухана Солтүстік Каспий жобасы қатысушыларының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары (ӘИЖ) аясында тұрғызылуда. Солтүстік Каспийдегі жұмыстар операторының ауысу машақаты басылғаннан кейін құрылыс қайтадан жанданды. Ал әзірге қолданыстағы жұқпалы аурулар ауруханасы Авангардтағы балабақша ғимаратында орналасқан және аурулардың көптігінен қиындық көріп отыр.

- Нысанды осы жылдың 16 желтоқсанындағы мереке күніне қабылдауды жоспарлап отырмыз. Біз құрылыс жұмыстарының барысын мұқият қадағалаудамыз, тіпті, медициналық жабдықтарға тапсырыстар беріп те қойдық, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ.

Алайда инвестор (NCPOC компаниясы) мен бас мердігер («Атырауавтоспецстрой» ЖШС) атаулары көрсетілген баннерде құрылыс 2013 жылғы шілдеде аяқталады деп жазылған.

«Атырауавтоспецстрой» ЖШС-нің техникалық директоры Асқар ЕЛЕУСІНОВТЫҢ айтуынша, нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2013 жылдың қыркүйек-қазан айларында аяқталады:

- Құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталуына үлгеру үшін қазірдің өзінде шетелге заманауи медициналық жабдықтарға тапсырыстар берілуде. Оларды 7-8 айдан кейін жеткізіп береміз деп уәде берді. Егер бәрі ойдағыдай болса, аумақты абаттандыруды қоса есептегенде, кешен 2014 жылға дейін іске қосылады. Ол бас корпус пен қосалқы блоктар: оттегілік, ас әзірлейтін және шаруашылық бөліктерден тұрады. Ас әзірлейтін және шаруашылық блоктарына арналған жабдықтар мен жиһаздар маусым айында келуі керек.

- Неге баннерде басқа ақпарат жазылған?

- Бұл қате ақпарат, біз оны өзгертеміз.

- Қазір нысанда қанша жұмысшы бар? Қосалқы мердігер фирмаларды жұмысқа тартасыздар ма?

- Құрылыста 100-ге тарта адам жұмыс жасайды. Біз арнайы жұмыстарға, мәселен, желдету жабдықтарын, витраж қондырғыларын монтаждауға басқа компанияларды тартамыз. Алға қарай өрт дабылын қондырып, телефон жүргізу үшін қосалқы мердігерлерді шақырамыз.

- Құрылыс жүргізілген жылдары нысан айналасында тұрғын үй секторы бой көтерді. Медициналық қалдықтарды жою қалай ойластырылуда?

- Аурухана аумағында арнайы жеке түтіндік тұрбасы бар қалдықтарды жағу жабдығы қарастырылған. Ал тұрғын үйлермен көршілес болу турасына келсек, біз арнайы белгіленген жерде құрылыс жүргізіп жатырмыз. Қолымызда атқарушы биліктің барлық шешімдері бар.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

14 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.