Атырау, 25 қараша 09:59
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Айдалаға аттап баспа!

3 378 просмотра

Мэрдің басқа да тезистері

11 ақпанда Атырау қаласының әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ қалалық актив алдында есеп берді. Шараға қатысушы облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ мұны аудандардағыдай, баяндамадан кейін ниет білдірушілердің барлығы екі әкімге де сұрақ қоя алатын үлгіде өткізуді ұсынды.

БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ.  Әкімнің айтуынша, орта және шағын бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында 2012 жылы жалпы құны 3,5 млрд теңге болатын 32 инвестициялық жоба мақұлданған. Биылғы жылы алаңы 2 гектар болатын «Жұмағалиев» ЖК жылыжай кешенін, алаңы 0,5 га болатын «Алаша-Атырау» ЖШС жылыжайын, SP Euro Salda кәсіпорнының «Бай-кола» шырынын шығаратын зауытты іске қосу жоспарланған. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін 2012 жылдың аяғында қалалық әкімдік жанынан 11 бизнес жобаларды қарап шыққан инвестициялық және инновациялық жобаларды қарау кеңесі құрылды.

ҚҰРЫЛЫС. Өткен жылы жалпы алаңы 50 мың шаршы метр болатын көппәтерлі 14 үй пайдалануға берілді. Соның ішінде Нұрсая ықшамауданындағы 8 үйге Байшонас пен Ескенеден 457 отбасы қоныстандырылды. Байшонастың қалған 145 отбасы биылғы жылдың мамырына дейін көшірілетін болады. Үстіміздегі жылдың І тоқсанында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қолдауымен «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша Нұрсаяда жалпы алаңы 8 мың шаршы метр болатын 120 пәтерлік тағы екі үй тапсырылуы тиіс. 2013 жылы барлығы 29 үй салу жоспарланған (жалпы алаңы 82 мың шаршы метр болатын 1 350 пәтер). І тоқсанда Бірлік, Атырау, Еркінқала, Ақжар, Дамбы, Ақсай, Өркен-2, Сарықамыс-2, Томарлы-2, Жұлдыз-3, Талғайраң, Водниково-2 елді мекендерінде электр тарату желілері іске қосылатын болады. Жаңаталаптағы электр тарату желісін салу жұмыстары аяқталуда. Ағымдағы жылы қала маңындағы 17 елді мекендегі газ құбыры желілерін, Ақжар, Жұлдыз-2, Тасқала-2, Тасқала-3 елді мекендеріндегі су құбыры желілерін және Тасқала-2, Жұмыскер-1 елді мекендеріне электр тарату желілерін жүргізу жоспарда бар.

ТЕРМОЖАҢҒЫРТУ. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында өткен жылы 812 млн теңге сомаға 28 үй жөнделді, соның ішінде Сарөзектегі 5 қабатты үй бар. Оның тұрғындары көп жылдардан бері жарыққа, жылуға, су мен газ жүйесімен қамтуға қатысты қиындықтар көріп келе жатыр. Бағдарлама 2013 жылы да жалғасын табатын болады. 46 үйді терможаңғыртуға республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді.

БІЛІМ БЕРУ.Оқушыларды ыстық тағаммен қамтуға жергілікті бюджеттен 230 млн теңге бөлінген. 2013 жылдың 1 қаңтарында Атырау қаласындағы балабақшаға кезек саны 8 мың баланы құрады. Привокзальный, Бірлік, Жұмыскер, Көкарнадан 280 орындық балабақшалар салу жоспарланды. Әлеуметтік-инвестициялық жобалар шеңберінде Нұрсая ықшамауданында320 орындық балабақша салынатын болады. 2013 жылы Ширина поселкесінде Отаралиев атындағы апатты мектептің орнына 120 орындық мектеп пен Бірінші учаскеде Крупская атындағы 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Жұлдыз-2 ықшамауданынан 624 оқушыға арналған, Нұрсая ықшамауданында 600 орындық, Алтынсарин атындағы 300 орындық жаңа мектептер салынатын болады.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ.Ауылдық округтердің тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында 2013 жылы Геолог-2-ден 100 орындық емхана, Өркен ықшамауданынан 250 орындық емхана және оған қоса Еркінқала мен Жаңаталапта амбулаториялық қосындар салынады.

ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ.«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында 2 мыңдай адам білім алып, жұмысқа орналастырылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 131 мекеме 719 жас мамандарды қабылдады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының«Оқыту және жұмысқа орналасуғажәрдемдесу» деп аталатын бірінші бағыты  шеңберінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 391 колледж оқушысының оқу ақысы төленді. «Кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» деп аталатын екінші бағыт бойынша – 82 адам жалпы сомасы 171 млн теңге несие алған. Биыл кәсіпкерлікті дамытуға 300 млн теңге бөлінді. Несиелер мен шағын несиелерді алуға 500 өтініш түскен, осыған байланысты республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд теңге бөлуге сұраныс жіберілді. Үшінші бағыт аясында аз қамтылған отбасыларға 108 пәтер бөлінді.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП.Қала аумағында 266 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олардың көмегімен 68 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 36 қылмыс ашылды.

Биыл көшелерге тағы 190 бейнекамера орнату жоспарланып отыр. Бұған 63 млн теңге бөлінді.

ЖЕР.Жақын арада аяқталған жер телімдерін бөлуге салынған мораторий кезінде қалалық әкімдік түгендеу жүрігізіп, 3 021 жер телімі тексерілді. 1 017 жер телімі заңсыз берілген деп белгіленді. Бүгінгі күні 52-сі мемлекетке қайтарылып, 600-інің құжаттары тексеру үшін жер инспекциясына жіберілді, 60 учаске бойынша материалдар сотта қаралуда. Түгендеу барысында «Алғабас» шаруа қожалығының 15 мың га жері мен «Қызыл жар» ШҚ-ның 1400 га жері мемлекет қорына ерікті түрде тапсырылды.

Бұдан былай жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері инфрақұрылымдары дайын аумақтардан бөлінетін болады. Биыл Талғайраң мен Көкарнада жеке тұрғын үй салуға арналған инфрақұрылым құрылысы бойынша бітпеген 2 жоба аяқталмақ. Содан кейін кезекте тұрған 2 000-дай адам жер алады. Қала аумағынан тутұғыр, халыққа қызмет көрсету арнайы орталығын, ІІД ғимаратын, жабық теннис орталығын, Салтанат сарайын, Оқушылар сарайын, жастардың демалыс бағын, ретробақ, ипподром және т.б. нысандар салуға арналған жерлер бөлінген.

КӨГАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ. Өткен жылы Атырауға және қала маңына 3 200 көшет отырғызылды. Жалпы ұзындығы 4,6 шақырым болатын қорғаныс су бөгеттері салынды, 2,5 шақырым су бөгетіне жөндеу жүргізілді. Орталық көшелер мен қалалық әкімдік ғимаратының маңына жалпы алаңы 18 мың шаршы метр кеспе тас төселді.

15 автобус аялдамасы орнатылды.

Қала әкімінің баяндамасынан кейін қатысушылар сұрақ қоя бастады. Оған негізінен облыс әкімі жауап берді. Басқалармен бірге отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гұлсара БОТАТАЕВА жетімдерді баспанамен қамту мәселесін көтерді. Б. Ізмұхамбетов биылғы жылы интернат мекемелерінің түлектері үшін 1 бөлмелі бәрнеше пәтер бөлінеді деп уәде берді.

Қазақ саңыраулар қоғамы облыстық филиалының төрайымы Замила АХМЕТОВА есту қабілеттері шектеулі және керең адамдар үшін ақпараттың қолжетімсіздігі проблемасын қозғады. Облыс әкімінің айтуынша, «Қазақстан-Атырау» телеарнасымен жергілікті жаңалықтарды сурдоаудармамен тарату жөнінде келісімге қол жеткізілген.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 ақпан 2013, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.