Атырау, 24 сәуір 17:47
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Облыстың бас экологы: «Атыраулықтардың денсаулығына тигізілген зиянды өтеу - үкімет құзырындағы мәселе»

Сурет Бейнежазба
2 019 просмотра

Қарабатандағы «ажал алаңы», Атырауда «хош иістердің» пайда болуы, Каспийде тереңдету жұмыстарына «анағұрлым сарапталған әдіс» және басқа тақырыптар туралы Атырау облысы экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВПЕН сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Әлібек Мұратұлы, Атырау облысы экология департаментінің басшысы қызметін атқарып келе жатқаныңызға жылдан асты. Сіздің ойыңызша, осы уақыт ішінде өңірдің қандай проблемаларын шеше алдыңыз?

- Қоғам белсенділерінің пікірін ескере отырып, Атырау облысының экологиялық ахуалын жақсарту бойынша Жол картасы әзірленіп, тиісті министрлік бекітті. Ол жұмыс істеп тұр. Мысалы, АМӨЗ ластанудың негізгі көздерінің бірі - Сасықсай булану алаңында қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Бұл 860 га аумақ. Тағы 476 га - қала әкімдігінің жауапкершілік аймағы, мұнда мердігер - «Павлодар өзен порты» АҚ.

Біздің өңірдегі тағы бір күрделі мәселе - «Ақжайық-7» ЖШС-нің жуу-буландыру станциясының шығарындылары. Көп тексеру жұмыстарынан кейін ол былтыр жабылды. Мұнай қалдықтарымен ластанған жерлерді қалпына келтіру туралы ұйғарым шығарылды. Биыл қала әкімдігінің және «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының күшімен іргелес аумақ тазартылды, ластанған топырақ арнайы алаңға шығарылды. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша топыраққа зертханалық өлшем жүргізілді, бүгінде мәселе шешілді.

Қазір АМӨЗ аумағында орналасқан «Батыс Петролеум» ЖШС вагондарды жуу-буландырумен айналысады.

Өздеріңіз білесіздер, жақында Атыраудың сол жағалауында жаңа кәріздің-тазарту қондырғысының құрылысы аяқталды.

Әрі қарай тізімде тазарту мүйістері - «Болашақ» зауытының булану алаңдары бар. ҰЕҰ-лер оларды «ажал алаңдары» деп атайды. Оған зауыт тазартудан кейін ағын сулар мен өндіріс қалдықтарын тастайды. Уақыт өте келе қалада осы алаңдардың салдарынан жағымсыз иіс пайда болады.

2020 жылы біздің Департамент NCOC-қа қатысты ҚР экологиялық заңнамасының сақталуына тексеру жүргізді. Оған жобада белгіленген шекті рұқсат етілген шығарындының (ШРШ) нормативтен асуы негіз болды. Нәтиже бойынша ағын суларды «Самал» вахталық поселкенің тоған-жинауышына, Сұйық технологиялық қалдықтарды орналастыру алаңдарының жинаушы секцияларына және Батыс Ескене терімжол кешенінің булану ыдысына тастау кезінде ШРШ асқаны расталды.

Біз бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығардық. Соған сәйкес NCOC «Қашаған кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру объектілерін жайластыру. Құрлықтағы кешен. Технологиялық процестің су тазарту қондырғысы» жобасын әзірледі. Ол мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Биыл сәуірде «Болашақ» МГКДҚ аумағынан тыс жерде жаңа тазарту қондырғыларының құрылысы басталды. Іске қосу 2022 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.

Бұдан басқа, 2020 жылы 484 қоқыс орнының аумағы тазартылды, «Геопартал» спутниктік сервисі суретке түсіріп алды. Олардың бәрін қалалық коммуналдық қызметтер толығымен жойды. Өкінішке орай, қайтадан ғарыштан түсірілген суреттер қала төңірегінде 130 жаңа қоқыс үйіндісін көрсетті. Бүгінде олардың көпшілігі жойылды, тағы 20-ға жуық орын қалды.

 

«АТЫРАУДЫҢ ЛАСТАНУ КАРТАСЫ ӘЛІ ТОЛЫҚ ДАЙЫН ЕМЕС»

- Әр апта сайын дерлік Атырау қаласында жағымсыз «хош иіс» сезіледі. Біресе шіріген жұмыртқаның иісін (күкіртсутек), біресе ыстың немесе кәріздің иісі мүңкиді.  Бұл қашан аяқталады? Қашан біз нақты ластану көздерін білеміз?

- Ластанудың негізгі көздерінің бірі - «Сасықсай» булану алаңы. Өйткені қаланың сол жағындағы бүкіл ағын сулар сол жерге төгіледі. Енді жаңа КТҚ іске қосылғаннан кейін жағдай өзгереді деп үміттенеміз.

Екіншісі – АМӨЗ. Біз оны жоққа шығара алмаймыз. Зауыт өзінің ластану үлесін қосуда.

Содан кейін, оң жағалаудағы «Квадрат» булану алаңы. Ол жерге ағын сулар тазартусыз төгіледі. Жақында КТҚ-ны қалпына келтіру  бойынша тендер өткізілді, оны «Павлодар өзен порты» АҚ ұтып алды. Мерзім белгіленді, енді күтеміз.

Осы ірі нысандардан басқа бізде кәріздік-сорғы станциялары (КТҚ), оған қоса қала аумағында орналасқан бірінші санатты кәсіпорындар бар. Бұл «ҚазТрансОйл» АҚ (оның Орал тас жолының бастауында 16 резервуары бар), жоғарыда айтып өткен «БатысПетролеум» ЖШС-нің буландыру станциясы және т.б. Мұның бәрі қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді.

Ал ресурсын әлдеқашан тауысқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын («қоқыс орны») да ұмытпайық. Ескі полигонды жауып, жаңасын салу қажет, оған 30 гектар бөлінді. Инвестор - «ПРОМЭКОЛОГИЯ» ЖШС, жобалық-сметалық құжаты дайын. Оң жақ жағалауда қоқыстарды сұрыптау кешенін салу үшін «GREEN CITY» ЖШС тағы 5 гектар бөлді. Жаңа полигон пайдалануға берілген соң ескісін қалпына келтіру жұмыстары басталады.

- Былтыр бізді кім улап жатқанын «жел раушаны» арқылы анықтау үшін ластану көздерінің картасы әзірлену керек болатын. Ол дайын ба?

- Биыл біз осындай картаны әзірледік, жел бағыты бойынша ластаушыларды анықтаймыз. Ол жерге бірінші санатты кәсіпорындарды, ағын су жинағыштар - «Квадрат» және «Сасықсай» буландыру алаңдарын, сондай-ақ қоқыс полигонын енгіздік. Енді барлық көлем бойынша қандай кәсіпорындардың қай жерде орналасқанын білеміз.

- Бұл картаны қайдан көруге болады? Бәрі білу үшін оны сайтымызға жариялайық.

- Тұрғындарға бәрі түсінікті болуы үшін оны сәл аяқтап бітіруіміз керек. Карта толық дайын болғандв оны баршаға, соның ішінде сіздің сайтыңызға жариялаймыз. Ал әзірге бұл біз үшін жұмыс құжаты.


«ТЕҢІЗДЕ БҮКІЛ МИНИМАЛДЫ ШЫҒЫН ЕСЕПТЕЛГЕН»

- Мен журналист ретінде экологиялық белсенділер мен қарапайым тұрғындар тарапынан сіздің департаменттің жұмысына қатысты қатаң сынды жиі көремін. Мұндай сын жақында NCOC жүзеге асырып жатқан Каспий теңізіндегі тереңдету жұмыстарын талқылауға арналған онлайн-кездесуде де айтылды. Алайда сіздің тараптан ешқандай реакция болған жоқ. Ол жерде: «Жалпы біздің ресми экологтар немен айналысады?!» деген сұрақ болды.

- Ол сұрақты  қоғам белсендісі Ғазиз ҒАБДУЛЛИННІҢ қойғаны да есімде. Ол біздің оң пікір бергенімізге ашуланып, мен өз қызметіме сай келмейтінімді айтты. Мен қоғам белсенділерінің алаңдаушылығын жақсы түсінемін, бірақ объективті түрде пайымдайықшы. Біз республикалық профильді және басқа да инстанциялармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз.

NCOC компаниясының тереңдету жұмыстары бойынша біз 2021 жылы ақпанда флора мен фаунаға минималды әсер ететінін бағдарлай отырып, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын бердік. Бәрін заң аясында қарастырдық. Бізде жануарлар дүниесі комитетімен, балық шаруашылығы комитетімен, «Ақжайық» қорығымен келісім бар. Барлық республикалық және жергілікті билік органдарынан келісім алып, қоршаған ортаға минималды әсерін қарастырдық. «Балықтың өрістеу жолдары жабылып жатыр, бұл жағдайда кім қалпына келтіреді» дегенге қатысты айтарым, мұның бәрін ҚР Балық шаруашылығы комитеті мақұлдады. Жұмыс аяқталғанша бәрі бақылауда болады.

4 маусымда оң қорытынды алғаннан кейін NCOC жұмысын бастады. Теңіздегі тереңдету жұмыстарына 3 балшық сорғыш кеме, 16 тірек кеме, 5 буксир, 2 тұрғын кеме, 3 баржа, 3 тарату понтондары, 2 зерттеу кемелері жұмылдырылды. Теңіз түбінен алынған шөгінділер көлемі 1 124 200 текше метрдей болады, ал тереңдетілген навигациялық каналдың ұзындығы - 18 км.

Каналдың жобалық ұзындығы - 56,05 км. Экологиялық мониторинг қоршаған ортаның барлық негізгі параметрлері (атмосфералық ауа, теңіз суы, су түбіндегі шөгінділер, фито-зоопланктон, макроозобентос, микробиология, орнитофауна, ихтиофауна) бойынша жүргізіледі. Жұртшылықтан ештеңе жасырылмайды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тоқсан сайын бас қосып, атқарылған жұмыстар туралы есеп беру туралы шешім қабылданды.

Қашаған кен орнына тереңдету жұмыстары жүргізілетін жерге қоғам белсенділерімен келесі сапар келесі жылдың көктемгі кезеңіне жоспарланған. Ал 15 қарашадан көктемге дейін жұмыс тоқтатылады. Қазір ай сайын жағалау аймақтарда және Жайық-Каспий каналында су сынамалары алынады. Нәтижесі - норма шегінде.


НЕЛІКТЕН МӘЛІМЕТТЕР ТҮРЛІ

- Неліктен «Қазгидромет» РМК экологиялық мониторингтің интерактивті картасында және ауа сапасын бақылау станцияларында ауа сапасы туралы мәліметтер әр түрлі?

- Облыс бойынша барлығы ауа сапасын бақылайтын 34 станция бар. Оның ішінде «Қазгидромет» РМК филиалында - 11, NCOC-та -19, «АМӨЗ» ЖШС-де – 4 бекет бар. «Теңізшевройл» Теңіз кенішінің периметрі бойынша орналасқан  қоршаған ортаны бақылайтын 12 автоматты станцияны орнатты.

Қазақстанның елді мекендеріндегі атмосфералық ауа жағдайы туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Қазгидромет» РМК 2018 жылдан бастап «AirKz» мобильді қосымшасын іске қосты. Ал 2019 жылдың қыркүйегінен бастап ауа сапасының Интерактивті картасы әзірленіп, енгізілді.

2020 жылдың соңында NCOC бақылау станцияларынан мәліметтерді онлайн режимінде «AirKz» мобильді қосымшасына жіберу үшін ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта Атырау аумағында орналасқан станциялардан алынған мәліметтер «AirKz»-ке толық онлайн режимінде түседі. Тағы бір жайт, «Airkz» мобильді қосымшасындағы мәліметтер мкг/м3-мен еуропалық стандартқа сәйкес есептеледі, ал оны қазақстандық СанПиН стандартына сәйкес мг/м3-ке айналдырғанда, ШРК-ден асып кету еселігі азаяды.

 

НЕ ҚАЙДА КЕТЕДІ?

- Жыл сайын өңірімізде ірі жер қойнауын пайдаланушылар  қоршаған ортаны ластағаны үшін үлкен айыппұл төлейді. Олардың қай бөлігі жергілікті бюджетте қалады, қайсысы орталыққа кетеді?

- Бұл ҚР заңнамасымен реттеледі. Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем жылына шамамен 14 миллиард теңгені құрайды. Бұл сома қалай бөлінетінін айта алмаймын, әкімдік бізге мұндай деректерді бермейді.

- Атырау облысы Қазақстан картасында экологиялық қолайсыз аймақ ретінде белгіленген. Оқырмандар сайттағы жарияланымдарға «бізге экологиялық апат аймағы мәртебесін беретін уақыт келді, сәйкесінше денсаулыққа келтірілген зиян үшін өтемақы төлеу керек» деген комментарийлерді жиі жазады. Бұл туралы не ойлайсыз?

- Иә, бұл мәселе кеңінен талқыланып жатыр. Бірақ бұл біздің құзырымызға кірмейді, бұл үкіметке қойылатын мәселе. Менің білуімше, елордаға әкімдіктен де, мәслихаттан да мұндай ұсыныстар түскен жоқ.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Еламан НУХИН

20 қазан 2021, 14:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.