Атырау, 25 сәуір 12:01
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қатал табиғатымызға тораңғы секілді «мықтылар» қажет

Сурет
1 770 просмотра

Атырауда тораңғы ағашын өсіру бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Бұл -35С суық аяздан + 40С ыстыққа дейін температураның күрт өзгеруіне төтеп бере алатын бірегей өсімдік. Тораңғы экожүйені сақтау мен қалпына келтіруге, сондай-ақ, шөлейттенуге қарсы күресте маңызды рөл атқарады.

Бұл сирек кездесетін ағаш әлемнің бірнеше елінде, соның ішінде Қазақстанда өседі. Тоғай, орманда тораңғы өзен жағалауларын нығайтады, оларды шайылудан қорғайды, сондай-ақ құм қозғалысын кідіртіп, желдің жылдамдығын төмендететін қорғаныс функциясын жақсы орындайды. Шөлейтті аймақтарда және құмды жерлерде жалғыз өсіп тұрған биік ағашты көрдіңіз бе? Тораңғы деген осы ағаш. Ересек ағашы күрделі климат жағдайында жақсы өседі, бірақ тораңғы көшеттерін өсіру қиын әрі еңбекті көп қажет ететін процесс.

- Бұл бізге лайық, дала ағашы, барлық қажет параметрлер бойынша Атырау облысының жағдайына сәйкес келеді. Мәселен, оны біздің базаның аумағынан таптық, ол жерде ондаған жылдар бойы суарусыз өсті. Тамырының ұзындығы 30 метрге жетуі де ғажап емес. Бірақ көбею тұрғысынан өте қыңыр, оны тұқыммен және кесінді сабақпен өсіру қиын, - дейді «Релаксация» ЖШС басшысы Кенжетай РАМАЗАНОВ.

- Қазір көбею әдістерін зерттеп жатырмыз, тәжірибе арқылы көшет алуға тырысамыз. Жас ағаш өте қыңыр, сондықтан оны ғылыми-зерттеу институттарынан басқа тәлімбақтарда өсірмейді. Ал даладағы тұқымнан өсетіндерін көбіне жануарлар жеп қояды. Яғни, оның тамыр жаюы үшін және оны жеп қоймас үшін биіктігі үш метр болатын ағаш өсіру керек.

Қ.Рамазанов маған тұқымнан өсетін өскіндерді, сонымен қатар тармақтармен және тамыр атпасымен өскен өсімдіктерді өсіру нәтижелерін көрсетті. Тәжірибелі орманшы Тимур МУСИНМЕН бірге олар құнарландыру, суару және басқа да өсу жағдайларына тәжірибе жасайды. Бұл процестің көп еңбекті талап ететініне өткен ғасырдың 50-60 жылдары тұқым мен кесінді сабақтан тораңғы өсіру бойынша жүргізілген тәжірибелердің нәтиже бермеуі де дәлел бола алады. Сол кезде ғалымдар жасанды әдіспен ағаш өсіру идеясын ұмыт қалдырды. Бұған 2016 жылы Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының зертханасы қайта оралды. Қазір жасанды жолмен өсірілген ағаштар Алматы облысына отырғызылады.

- Маңғыстау облысының Ботаникалық бағында тіпті жаңа әдісті патенттеді. Бірақ біз өз жолымызбен жүріп, өңірімізде тіршілік ететін ағаш өсіруді ұйғардық, - дейді Т.Мусин.

Тораңғыдан бөлек Кенжетай Рамазанов әріптестерімен бірге өз базасының аумағында дендрарий ұйымдастыруды мақсат еткен. Қазір Атырау облысында түрлі жасыл алқаптары бар дамыған саябақтар жоқ. Дендросаябақ қаланы көгалдандыру үшін шығармашылық базаға айналар еді. Онда жеке адамдар да, кәсіпорындар мен ұйымдар да кеңес алар еді.

Жоба жүзеге асыру үшін «Релаксация» ЖШС одан әрі кеңейту мүмкіндігімен 3 гектарға жуық құнарлы жер телімін бөлуге дайын. Бұл аумақта екі учаске – дендросаябақ пен Ботаникалық бақты ұйымдастыру жоспарлануда.

Дендросаябақ оңтайлы суарылса, құнарлы топырақта жақсы шығатын жасыл көшеттердің алуан түрін көруге мүмкіндік береді. Ал Ботаникалық саябақтың тәжірибелік алаңы қолайсыз жағдайда өсіруге болатын құрғақшылық пен тұзға төзімді өсімдік түрлерін анықтауға мүмкіндік береді. Осы негізде білім беру мекемелері үшін экопрактикумдар, табиғатты қорғау бойынша көшпелі сынып сағаттарын өткізуге және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге болар еді.

ЖШС гүлдер мен емдік шөптерді өсіру жөнінде меморандумға қол қойып, Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-мен бірлескен жұмысты бастады. Сондай-ақ, дендросаябақ құру бойынша АМУ-мен бірлескен кәсіпорын құру пысықталуда. Ресей мен Қазақстанның ғылыми ұйымдарымен тәжірибе алаңында зерттеулер жүргізу және Атырау облысын көгалдандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу туралы келісімдер бар.

- Біз Ботаникалық бақ құру жұмыстарын бастадық, енді осы облыс үшін маңызды жобаға қатыса алатын серіктес іздейміз. Ландшафттық дизайны бар ботаникалық бақ жобасын әзірлеу, суару жүйесін, аумаққа жарық жүргізіп, абаттандыру, жаңа ағаштар мен өсімдіктерді сатып алып, отырғызу қажет, - дейді Кенжетай Рамазанов.

База аумағының бір бөлігін қоршап, ботаникалық баққа кіреберіс аймақты «қала тұрғындары осы жерде демалу үшін» орындық түрінде креативті безендірген. 2018 жылдың күзінде бұл жерде НЗМ мұғалімдері мен оқушылары гербарий жинады, 2019 жылы жергілікті мектеп-интернаттан қонақтар келді. Осы жерге келген профессор, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, АМУ оқытушысы Болат МҰХАМБЕТОВ осында өсетін ағаштар мен бұталардың алуан түрін атап өтті. Қазір олардың саны 60-тан астам, ал болашақта 100-ден асады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

19 қазан 2021, 18:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.