Сенбі күні «Руханият партиясы» қоғамдық бірлестігінің басшылық құрамы мен оның өңірлік филиалдары делегаттарының қатысуымен партияның кезектен тыс съезі болып өтті, деп хабарлады Bnews ақпарат сайты партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Съезде 2012 жылғы жұмыс қорытындыланып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыты» атты Жолдауына сәйкес партияның жаңа міндеттері мен басымдықтары анықталды», – делінген хабарламада.
«Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова өз сөзінде атап өткендей, биыл партияның қайта тіркеуден өткеніне тура 10 жыл толады. Осы он жыл ішінде партия қоғамдағы татулық пен келісімді, этносаралық және конфессияаралық тепе-теңдікті, әлеуметтік мәселелердің шешілуін, жоғары парасатты және рухани бай қоғамның дамуын жақтады. Партияның көзқарастары әрқашан Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі идеяларына сәйкес болды.
А.Жағанованың ұсынысы бойынша партияның жаңа төрағасын сайлау туралы мәселе қаралды, осы орынға ұсынылатын кандидатура талқыланды. Бастаманы барлық делегаттар қолдап, «Руханият партиясы» қоғамдық бірлестігінің жаңа төрағасы болып «КазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали бірауыздан сайланды.
«Бұл өз ісіне шексіз берілген адам. Өз кәсібінің жарқын өкілдерінің бірі. Оның жетекшілігімен елдің газ құбыры жүйесін дамыту жөніндегі орасан жұмыс жалғасын тапты. Ол патриоттығымен, мақсат жолындағы ұмтылысымен, кәсібилігімен, өз ісі мен адамдар үшін жауапкершілік сезімімен ерекшеленеді. Мен біздің партиямызды басқаруға нақ осындай адамның лайық екеніне сенімдімін», – деп атап өтті А.Жағанова.
Дереккөз: egemen.kz