Кейбір мәліметтер бойынша, «Атырау» футбол клубының жұмысына қаржы полициясының департаменті қызығушылық білдіріпті.
Өз дереккөздерімізден белгілі болғандай, соңғы үш жылда «Атырау» ФК-на жыл сайын облыстық мәслихат депутаттарының келісімінсіз 880 млн теңгеден қаржы аударылып отырған. Бұдан басқа, клубтың бұрынғы басшылығының легионерлермен жасаған келісімшарттарының дұрыстығына және келісімшарт сомаларының негізсіз көбейтілгендігіне қатысты мәселелер де бар. Бір қиындығы, клубтың күмәнді болса да, біржақты тәртіппен келісімшартты бұзуға құқығы жоқ.
Бүгінде футбол клубының жалпы қарызы 640 млн теңгені құрайды. Клуб оны чемпионат басталғанша (6 наурыз) өтей ала ма, белгісіз.
– Әзірге ештеңе айта алмаймын, мәселе заңды тұрғыда шешіледі, - дейді «Атырау» ФК директоры Асылбек ЖҮНТЕРБАЕВ.
«Атырау» ФК жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ қаржы полициясының тексеру жұмыстары туралы сұраққа былай деп жауап берді:
– Тексеру жөнінде білмеймін, бірақ клубтың ойыншылардың, бапкерлер мен клубтың басқа қызметкерлерінің алдында көп қарызы бар. Мен өз басым өткен жылдың тамыз айынан бері жалақы алған жоқпын.
1 ақпанда өткен Қазақстанның футбол федерациясының дауларды шешу жөніндегі Палата отырысында «Атырау» ойыншылары Фаусто ДЖОРДЖЕНІҢ, Егор АЗОВСКИЙДІҢ, Сергей БОЙЧЕНКОНЫҢ, Владислав КУЗЬМИННІҢ, Максим САМЧЕНКОНЫҢ, Максим СЕМЁНОВТЫҢ, Сергей ШАФФТЫҢ, бапкерлер Иван АЗОВСКИЙДІҢ, Юрий КОНЬКОВТЫҢ, футбол агенті Талғат ЖАНТЕМІРОВТІҢ клубтың өздеріне бережақтары жөніндегі шағымдары қаралды. Палата барлық бережақтарды өтеу мерзімін – 25 ақпанға дейін белгіледі.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА