Атырау, 27 қараша 03:35
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Балаларды іздеп жүргенде олардың сүйектері өрт болған жерден табылды

1 959 просмотра

«АЖ» Махамбет ауданының Ортақшыл ауылында өртте қаза болған балалардың бірінің туысы, сол ауылдың тұрғыны Төленбай АМАНБАЕВПЕН хабарласты. Қайтыс болған балалардың үлкені оның немере жиені болып келеді, яғни ағасының қызының ұлы.

Бүкіл ауыл қайғылы жағдайдан есі шығып отыр. Ауылдың үш баласы мектептен келген соң ойнауға шығып кетіп, үйлеріне оралмаған. Төленбай аға ойнап жүрген балалардың көшеден күшік тауып алғанын, ойнап жүрген күшік сол өртенген үйдің ауласына кіріп кеткен деп, куәгерлердің айтқанын жеткізді.  

– Мен қазір ғана туысқандарымның үйінен көңіл айтып шықтым. Оларды жұбататын қандай сөз айтарыңды да білмейсің мұндай жағдайда. Өрт аулада болған, 22 орам шөп өртенген. Балалар пішеннің арасында күшікпен ойнаған деседі. Ол кезде үй иелері болмаған, шаруаларымен шығып кетіпті. Біз сияқты олар да, мысалы, дүкенге кеткенде, малды қораға айдап, құлыптап кетеді ғой. Балалар шарбақтан секіріп, аулаға кірген. Аулада пішен тиелген К700 тракторының тіркемесі тұрған. Бұл тіркеме шарбақтың бір шетін жауып тұрған. Шамасы балалардың біреуі ойнап жүріп, сіріңке жаққан болар. Өрт жайлы үй иесіне көршісі хабарлаған, - дейді Төленбай аға.

Куәгерлердің бірі өрт сөндірушілер келіп жеткен соң үш баланың өрттен қашып бара жатқанын көргенін айтыпты. Сондықтан балалар өртеніп кетеді деп ешкім ойламаған. Тұрғындар полициямен бірге оларды таңғы сағат 4-ке дейін іздеді.

- Балаларды тіпті 10-11-сынып оқушылары да іздестірді. 50 көлік жұмылдырылды, 12-ауылға дейін іздедік. Балалар тоғайдың арасында адасып кеткен шығар деп ойладық. Тіпті балгерлерге де барған кейбіреулер. Олар балалар қара жолдың бойында жүр деп айтқан. Алайда таңғы сағат 4.30-да ауладағы өрт болған жерден баланың басы, содан соң басқаларының сүйектері табылған. Бәрі сараптамаға жіберілді. Қазір ата-аналарынан қан алынып, деректер сұратылуда, - дейді Төленбай аға.

Айнұр САПАРОВА

6 қазан 2021, 18:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.