Қалалық жедел жәрдем бекетінде 13 бригада жұмыс істейді. Бұл бүгінде аздық етіп отыр.
- Биыл 5 бригада жасақтау жоспарланып отыр, - дейді қалалық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігерінің орынбасары Әлия ҚУАНОВА. Оның айтуынша,2011 жылы 97 мың шақырту түссе, былтырғы 2012 жылы шақырту саны 116 мыңға көбейген. Ең көп шақырту жүрек, балалар церебралды сал ауруы (күніне 4-5 қоңырау түседі) және 1 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарынан түсіп жатыр екен.
Тағы да проблемалардың бірі – қаладағы көлік қозғалысының жиілеп баратындығы.
- Кептелістер өз алдына, кейде ауыр жағдайдағы науқастарды шұғыл тасымалдау барысында дабыл қағып, белгі білдіргеннің өзінде жолдан өту мүмкін болмай жатады, - дейді бекеттің аға дәрігері Наргиз БАЙМОЛДАЕВА.
Ал жалақыға келсек, мұнда айлығы кейде шайлығына да жетпейтін кездер аз болмайды.
- Дәрігерлер жалақысы 50-60 мың теңге, көлік жүргізушілерінікі 60-70 мың теңге. Сондықтан, олар табысты көбірек табу үшін қосымша сағат алып жұмыс жасайды, - дейді Ә.Қуанова.
Жедел жәрдем бекетінде дәрігерлердің жетіспей жатқаны содан да болар. Штат бойынша 28 дәрігер болу керек болса, қазір мұнда 15 дәрігер ғана жұмыс істейді.
- Ал фельдшерлер жеткілікті. Олардың бәрі негізінен біздің медициналық колледждің түлектері, - дейді А.Қуанова. – Биылдан бастап біз тағы 8 фельдшерді жұмысқа алдық.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА