Бүгін, 6 ақпанда қалалық мәслихаттың кезектен тыс Х сессиясы өтті.
Ағымдағы жылдың бюджетіне өзгерістер енгізу жөнінде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Әлсейіт САБЫРОВ баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылдан қала бюджетінде бөлінген қаржылар қалған. Оны келесі шығындар бабына жіберу ұйғарылыпты: Жайық өзенінің жағалауын абаттандыруға - 116 млн 994 мың теңге, алаңдарды, әкімшілік ғимараттар мен көпірлерді жарықтандыру жүйесін күрделі жөндеуге – 4 млн 909 мың теңге, бағдаршамдар орнатуға – 2 млн 473 мың, кондоминиум нысандары үшін техникалық құжаттар дайындауға - 13 млн 560 мың, иесіз жылу желілеріне техникалық құжаттар дайындауға - 10 млн 237 мың, кәріздік желілерді құжаттауға - 13 млн 218 мың, коммуналдық шаруашылықты дамытуға – 30 млн, жолдар салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға – 68 млн 124 мың, егіс алаңдарын құжаттауға - 3,5 млн, геодезиялық жұмыстарға – 11,9 млн, Атырау селолық округіндегі балабақша құрылысын аяқтауға - 7 млн 514 мың, коммуналдық баспана салуға - 72 млн 471 мың, 4 спорт алаңының жобалау-сметалық құжаттамасына - 1,44 млн, Нұрсаядағы қазандықты қайта жарақтауға – 22 млн, суармалы су құбырын салу жұмыстарын аяқтауға – 12,5 млн, мектеп асханалары үшін мүліктер алуға - 6 млн 23 мың, сәулет нысандарын орнатуға - 13 млн 752 мың, арендалық және коммуналдық баспана салуға – 222 млн 128 мың, инженерлік коммуникация құрылысына – 242 млн 676 мың, несиелік баспана құрылысын аяқтауға – 3 млн 749 мың, №2 сүзгі стансасын қайта жарақтауды аяқтауға – 15 млн 446 мың, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында баспана салуға 42 млн 157 мың теңге.
Қалалық мәслихат құрамындағы өзгерістер туралы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ақсерік ҒАЛИ баяндама жасады. Сайлау комиссиясының шешімімен №1 қалалық округінен сайланған депутат Нұрлан ЖОЛМАҒАМБЕТОВ мәслихат отырысына үнемі келмейтіндігі үшін мерзімінен бұрын депутаттық өкілеттігінен айырылды. Берілген өтініш негізінде оның әріптесі Мұрат САРМАҒАМБЕТОВТІ мерзімінен бұрын өкілеттігінен айырды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ