Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Эйрбас Милитари» компаниясының басшысы Доминго Уренья-Расомен кездесу өткізді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Кездесуде одан әрі ынтымақтастыққа, соның ішінде әскери-көлік авиациясына техникалық қызмет көрсету саласына байланысты ауқымды мәселелер қаралды.
Қазақстан Президенті «Эйрбас Милитари» компаниясымен бірқатар бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігіне тоқталды.
Өз кезегінде Д.Уренья-Расо компанияның Қазақстандағы ұзақ мерзімді қызметі екі ел үкіметтерінің жақсы өзара қарым-қатынастарының арқасында қалыптасқанын және қол жеткізілген келісімдер аясында жүргізіліп келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, «Эйрбас Милитари» басшысы компания Қазақстандағы авиация өнеркәсібін дамытуға қатысуға дайын екенін мәлім етті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мен «Эйрбас Милитари» арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Испанияның «Эйрбас Милитари» компаниясы Еуропалық Аэроғарыш және Қорғаныс Концернінің (EADS) құрамына кіретін Airbus SAS авиақұрылыс компаниясының бөлімшесі болып саналады.