Атырау, 29 маусым 20:06
 ашықВ Атырау +17
$ 471.46
€ 504.79
₽ 5.53

Көкөніс неге қымбат?

Сурет
2 261 просмотра

Жаз соңында әдетте көкөніс мен жеміс арзандайды. Жыл сайын тамыз айында қысқа арнап, қолдан тұздалған қияр мен тосап дайындау үшін көкөніс мен жемістерді көтеріп сатып алу басталады. Бірақ бізде Атырауда бағаның арзандағанын байқамадық. Мұның себебі неде? Жергілікті шаруалар бағаның арзандамағанын бірнеше себеппен байланыстырады, олардың бірі – күннің аптап ыстығы.

«Дина» базарында бұл күндері көтерме бағамен 1 кг қияр 300 теңгеден, қызанақ 180-200 теңгеден, баклажан 180 теңгеден (бөлшек саудада 200 теңге), қауын 150, қарбыз 90-100 теңгеден, тәтті бұрыш 200-220 теңгеден, картоп - 150 (бөлшек саудада 160), сәбіз 170-180 (бөлшек саудада 200), пияз - 110-130, алма - 400-450, банан - 500, жасыл жүзім - 600 (бөлшек саудада 800) теңгеден сатылды.

Тауар бағасы жазылмаған. Сатушылар «қанша тұрады?» деп сұраған сайын жауап беру қиын емес дейді. Олардың айтуынша, қияр қайтадан қымбаттаған, себебі әзірге жаңа жеткізілім жоқ. Жалпы, қияр мен қызанақ негізінен Астраханнан әкелінеді. Жемістердің де 90 пайызы шетелден келеді.

Ал қаланың азық-түлік дүкендерінде 1 кг қарбыз 90-100-120 теңге, қауын - 200, қызанақ - 180-250, картоп - 180, қияр - 300, алма - 500, шабдалы – 1000 теңге тұрады. Айтпақшы, бұл дүкен иелерінің көпшілігі көкөніс пен жемістерді «Дина» базарынан сатып алады.

 

«ЖҰМЫС ТАҢДАЙТЫН» ЖҰМЫССЫЗДАРДЫ ТҮСІНБЕЙМІН»

«Дастан» шаруа қожалығының басшысы Қоныс ЕРМАНОВТЫҢ (суретте) айтуынша, базардағы қымбатшылық көкөніс пен жемістердің жеткіліксіз болуына байланысты:

- Биыл аптап ыстықтан өнім нашар жиналды. Қияр мен қарбыз күйіп кетті. Қызанақ ыстықты ұнатпайды, жоғары температурада олар ұзақ піседі. Картоптың өнімділігі де төмен, біз оны 20-30 гектар жерге егеміз. Картоп бағасы жақында 120 теңгеге дейін төмендеп, қазір қайта көтерілгенін байқаған боларсыздар. Өйткені ресейлік ерте піскен картоп таусылды, енді кеш пісетін картопқа дейін үзіліс болады.

«Агрофеликс» шаруа қожалығының басшысы Енисей ЮННЫҢ (суретте) пікірінше, қымбатшылық тек ауа райына ғана емес, инфляцияға және егістікте жұмыс күшінің жетіспеушілігінің де салдары. Оның жер телімі Махамбет ауданының Ақжайық ауылында орналасқан, бұрын 280 гектар алқапта 100 адам жұмыс істесе, қазір олардың саны - 50. Оның 10-ы жергілікті тұрғындар, 40-ы - Өзбекстаннан келгендер.

- Пандемияға байланысты көпшілігі біздің аймаққа келе алмады. Соның салдарынан шаруалардың шығындары өсті: импорттық тұқым мен отырғызу материалдары, тыңайтқыштар, пестицидтер мен бензин бағасы қымбаттады.

Оған аптап ыстықтың әсерін қосыңыз. Егер бұрын Юн 60 тонна қарбыз жинаса, биыл - небәрі 30 тонна жинаған.

- Қазір «Динада» негізінен қарбыз бен қауын сатамыз, ал картоп, қырыққабат, пияз, қызылша, сәбіз қыркүйекте піседі, ал егін жинау үшін кем дегенде қосымша 40-50 адам қажет болады. Оларды қайдан алатынымды білмеймін, жергілікті тұрғындар бұл жұмысты жасамайды. Мен бұл мәселені жақында облыс әкіміне қойдым, ол ауыл әкімдеріне жұмыссыздарды егістікке тарту жөнінде тапсырма берді. Қалай шешілетінін көреміз... Бірақ үміттеніп отырған жоқпын. Адамдар бұл жұмысқа келмейтін шығар.

- Бүгінде жұмыссыздар көп, қисынмен ойлап қарасақ, олар қандай да бір жолмен ақша тауып, отбасын асырауы керек қой...

- Мен де ақшасыз отырып, бірақ егінге шықпай, қолдарын былғағылары келмейтіндерді түсінбеймін.

 

«БӘРІ ӨЗ БЕТІМЕН КЕТТІ»

«АЖ» тілшісімен әңгімелесу кезінде шаруалар 2012-2016 жылдары Атырау облысының әкімі болған Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІ әлденеше рет еске алды. Олардың пікірінше, оның тұсында шаруаларға жақсы қолдау көрсетілген. Бұдан басқа, ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің ассортиментін реттеген.

- Ізмұхамбетов ақпанның соңында егін егу науқаны алдында бүкіл шаруаны жинап, түзетулер енгізді. Қандай дақылдарды және қандай ауданға отырғызу керегін ұсынды. Ал қазір бәрі бірдей нәрсені отырғызып, өз бетімен кетті. Ал Астраханда, мысалы, қазір олар қарбызға емес, картопқа көп көңіл бөледі. Дұрыс қой, өйткені қарбызды екі ай, ал картопты жыл бойы жейсіз, - дейді Қоныс Ерманов.

«Атырау Агро Өнімдері» шаруа қожалығының басшысы Владимир РОЗМЕТОВ (суретте) те бұрын билік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің проблемаларына көбірек көңіл бөлді деп есептейді:

- Ізмұхамбетов біздің басымызды жиі қосып, проблемамызды сұрайтын, оны шешуге тырысатын. Биыл көкөністердің қанша тұратынын, қандай тұқым сатып алып, отынды қалай алуға, жұмыс күшін қайдан алуға болатынын талқылайтынбыз. Енді шаруалар Ізмұхамбетовке дейінгі және Ізмұхамбетовтен кейінгі кез деп бөлетін болды. Бәріміз бір салтанатқа жиналсақ, оның кезінде қандай қолдау болғанын есімізге түсіреміз. Әрине, бұрын ауылшаруашылығы саласына жылына 10-15 миллиард қаржы салғандықтан, ӘКК арқылы жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік болды. Мәселен, «Первомайский» шаруа қожалығы құрылып, табысқа жетті, мен «Сарайшық және «Лимонария» ешкі фермасын салдым.

- Көкөніс мен жеміс неге арзандамай тұр деп ойлайсыз?

- Мен бұл жерде үш себепті атар едім. Біріншіден, қазір субсидия көлемі қысқарып, керісінше, құжат рәсімдеуге қойылатын талап күшейді. Көп қағаз жинау керегі соншалық, көбінің беті қайтып қалады. Қарапайым фермердің жоғары білімі жоқ, есепші де, заңгер де өзі. Ізмұхамбетовтің кезінде ауыл шаруашылығы басқармасы құжаттарды рәсімдеуге көмектесетін, қазір олай емес. Қазір қиын кезең, ауылшаруашылық басқармасының басшылығы немен айналысып жатқанын білмейді. Мысалы, мен жанармай бола ма деген сұрағыма, жауап ала алмадым.

Екінші себеп - пандемия. Бұрын егін алқаптарында негізінен Өзбекстан азаматтары көмектесетін, енді оларға кіру қиындады, жұмыс күшінің жетіспеушілігінен мен және басқа да көп шаруа егістікке арналған аумақты азайтуға мәжбүр болды. Пандемия бүгін немесе ертең тоқтамайтыны белгілі, сондықтан қазір жергілікті жігіттерді жұмысқа алып жатырмыз, болашақта сырттан келгендерге тәуелді болмау үшін оларды егінде қалай жұмыс істеу керегін үйретіп жатырмыз.

Үшінші себеп – аптап ыстық. Бұрын 4-5 күнде бір рет суаратын болсақ, қазір күн сайын суаруға тура келеді. Сорғы үшін электр энергиясының, көліктің және отын шығындары көбейді. Келер жылы шығын болмас деп үміттенемін.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

28 тамыз 2021, 15:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.