Қазақстандық Vertex Gold компаниясы Қырғызстаннан құрамында алтыны бар рудаларды заңсыз шығарды деп күдіктелуде. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне Қырғызстан Республикасы экологиялық және техникалық қауіпсіздік инспекциясының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Vertex Gold Company кендегі алтын қорын жасырып, Қазақстан аумағына жеткізген. Бұған қатысты мәліметтер прокуратураға, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен басқа да құқық қорғау органдарына жолданды», деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Қырғызстан Республикасы экология және техникалық қауіпсіздік мемлекеттік инспекциясы директоры Парламент комитеті отырысында Vertex Gold Қырғызстанның оңтүстігіндегі «Джамгыр» кен орнында 2003 жылдан бері жұмыс істеп жатқанын айтты. Барлау жұмыстарының қорытындысына қарағанда, 2004 жылы алтын қоры 6,387 тонна болған. Ал 2009 жылы оның көрсеткіші 1,287 тоннаға дейін төмендеді. Бұған қоса, келісім аясында фабрика салынуы керек болған, бірақ бұл жұмыс та жасалмаған», деді Артықбаев.
Экологиялық және техникалық қауіпсіздік инспекциясы Vertex Gold компаниясының жұмысын тоқтату жөнінде үкіметке ұсыныс жасапты. Олар компания кен орнында технологиялық және экологиялық қателікке жол берді, лицензия шарты мен келісімде көрсетілген міндеттерді орындалмады дегенді алға тартқан.
«Vertex Gold Company» Жалал-Абад облысындағы Джамгыр кен орнын игеруге лицензия алған. Шағын кен орыны болып саналады, ондағы алтын қоры 5- 30 тонна шамасында.
Дереккөз: bnews.kz