Атырау, 6 қазан 13:06
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

2013 жылы «Қолжетімді баспана– 2020» бағдарламасы бойынша 6,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

14 839 просмотра

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындау мақсатында Үкімет қабылдап, бекіткен «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасының мақсатты индикаторына сәйкес 2013 жылы бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 6,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс. Қазір осы үдеден шығу үшін жергілікті әкімдіктер дағдарыс кезеңінде тұралап қалған тұрғын үй құрылысын қайта жандандырып, бел шеше іске кіріскен.

«Қолжетімді баспана– 2020» бағдарламасының іске қосылғанына көп уақыт өте қоймаса да өткен жылы оның алғашқы қатысушылары – бағдарламаның екі маңызды бағытын іске асырғалы отырған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бірқатар салымшылары қоныс тойын тойлап үлгерді. Желтоқсан айының басында толық әрлеуден өткен немесе әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 1573 пәтер пайдалануға берілді. Тағы 6000-нан астам пәтер салынып жатыр. Оған 2012 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қаржыландырудың барлық көздері арқылы 281,6 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Жолдауда айтылған міндеттерді толығымен орындау үшін ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алудың екі түрлі жолын қарастыру керек екені айтылды. Қаражаты мен мүмкіншілігі барлар жалдау ақысын төлеп, кейіннен үйді өздеріне сатып алады. Ал мүмкіндігі жоқтар жағдайы келгенше ұзақ мерзімді жалға ұстай бермек. Сәтін салса, 2020 жылға дейін бірінші бағыт бойынша 2,9 млн шаршы метр немесе 49 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Екінші бағыт бойынша аталған мерзім ішінде іске қосылатын тұрғын үй көлемі 1,5 млн шаршы метрден асады, яғни, 25 000-ға тарта отбасы баспаналы болады деген сөз.

Қазіргі таңда Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен әкімдіктер арасында жалпы көлемі 529 мың шаршы метрден асатын 110 тұрғын үйдегі 8 021 пәтердің құрылысы бойынша ынтымақтастық туралы 74 келісім жасалды. Жаңа құрылыс нысандары бойынша әкімдіктермен келісім жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен, қолжетімді тұрғын үйге қол жеткізу үшін не істеу керек? Баспанаға мұқтаж, мемлекеттің қолдауына зәру әрбір адам ең алдымен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісімшарт жасасып, жинақ жүйесінің қатысушысы атануы, жеке жинақ жасай бастауы тиіс. Банк басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаеваның айтуынша, оны кез келген уақытта қолға алуға болады. Жаңа салымшылардың да бағдарламаға ілігуге мүмкіндігі бар. Салымшылар жинаған балына сәйкес, берген өтінімі негізінде тұрғын үйді сатып алушылар немесе жалдаушылар пулына қатыса алады. Ол үшін барлық талаптарды орындау қажет. Әрбір өтінім берушінің балын есептеу кезінде тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшарттың дайындық деңгейі, келісімшарт сомасының тұрғын үй құнына қатысты көлемі ескеріледі. Келісімшарттың қаншалықты дайын екені бағалау көрсеткіштерінің мәніне тікелей байланысты болмақ. Яғни, жинақтың сомасы мен мерзімі ескеріледі.

Бағдарламаның әлеуетті қатысушысы неғұрлым тез ТҚЖ туралы келісімшарт жасап, жинақ жасай бастаса, қолжетімді бағамен тұрғын үй сатып алуға соғырлым көп мүмкіндік алады.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасыларға тұрғын үй жеңілдікпен беріледі. Жалға берілетін баспана құрылысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы қаржыландырылады. Әкімшіліктер трансферттеу арқылы жас отбасыларға арналған баспана құрылысын жүргізеді. Оны жас отбасылардың сатып алуы үшін екі кезеңнен тұратын сызба жасалды. Біріншісі, 8,5 жыл ішінде жас отбасы жалға берілген пәтерде тұрып, бір уақытта банкте қор жинай алады. Екінші кезең, жиналған қаражат есебінен баспананы бірден сатып ала алады, егер ол қаржы жеткіліксіз болса, 4% жылдық мөлшерлемемен 15 жыл мерзіміне тұрғын үй заемын пайдаланады. Онда заем ұсынудың жалпы мерзімі 23,5 жылды құрайды. Сондай-ақ алған қарызды мерзімінен бұрын жабу мәселесі де қарастырылған. Ол үшін мемлекет қолдауына ие болып отырған еліміздегі жас отбасылар жергілікті әкімдікке жүгінуі тиіс.

Бағдарламаның бұл бағыты бойынша қатысушыларды іріктеу, яғни тізім жасап, оны ҚТҚЖБ-ге тапсыру міндеті де әкімшілікке жүктеліп отыр. Мұнда банктің міндеті әлеуетті қатысушының төлем қабілетін бағалау, жалға алу кезеңінде жинақ жасауын бақылау, сондай-ақ тұрғын үйді сатып алу үшін қарыз беруден тұрады.

Жоғары атап өткеніміздей, Бағдарлама ТЖЖ жүйелерінің қағидаларына сүйенеді, оған сәйкес қатысушы алдымен қаржының бір бөлігін жинауы тиіс. Банк талаптарын Бағдарламаға икемдеуге қатысты айтсақ, арнайы оны іске асыру үшін мемлекет бюджеті қаржысы есебінен берілетін заем бойынша сыйақы мөлшерлемесі төмендетіліп отыр. Республикалық бюджеттен бөлінетін кредит қаржысы есебінен берілетін заем алу үшін Бағдарламаның қатысушысы бірқатар талаптарға сәйкес келуі маңызды. Біріншіден, өзінің және отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы керек. Алайда отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болса (тұрғын үйдің көлемі отбасының бір мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден кем болған жағдайда), Бағдарламаға қатыса алады. Екіншіден, қатысушының соңғы бес жылда тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлатуы, яғни, өз үйін сатып жіберу фактісі болмауы шарт.

Айта кететін жайт, жеткілікті көлемде қаржы жинақталған, мерзімі келген депозиті бар қатысушылар «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша алғашқылардың бірі болып баспаналы болады. Өйткені, олардың тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшарты Бағдарламаға қатысуға қажетті барынша жоғары балды жинауға мүмкіндік береді, бірақ қаржы келісімшартта көрсетілген тәртіппен жинақталуы маңызды. Егер клиенттің мерзімі өткен және барлық талаптары орындалған келісімшарты болса, Бағдарлама аясында салынып жатқан баспананың бірін сатып алу үшін тұрғын үй заемын алуға үміткер бола алады. Егер банктің қандай да бір талабы орындалмаса, ол алдын ала, аралық тұрғын үй займын алуға немесе тұрғын үйді жалға алып, кейіннен сатып алуға құқылы.

Белгілі болғанындай, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тек өз салымшыларының арасында конкурс жариялайды. Ал Бағдарлама шеңберіндегі тұрғын үй құрылысын әкімдіктер республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жүргізеді. Осылайша, банк салымшыларының қаржысы тұрғын үй құрылысына жұмсалмайды, яғни ҚТҚЖБ-дағы олардың жеке шотында жинақталады. Банк клиенті, Бағдарлама қатысушысы құрылыс аяқталғаннан кейін дайын үйге қоныстанады. Ал олардың жинақ ақшалары мен алған заемдарын банк пәтерді сатып алу есебінен құрылыстың аяқталу фактісі бойынша бюджетке аударады. Сайып келгенде, бірнеше жыл бұрын үлескерлер бастан өткерген тәуекел жағдайы мұнда болмайды.

Жасыратыны жоқ, бүгінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының өміршең екендігіне күмән келтіріп жүргендер де бар арамызда. Бірі «Қолжетімді баспана» қарапайым халық үшін қолжетімді емес десе, енді бірі «арзанның сорпасы татымайды» дегенді алға тартуда. Арзан үйдің сапалы болуы мүмкін емес дейді олар. Бұған Банктің жауабы дайын. Бағдарлама аясында тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі бойынша барлық талаптар толық орындалып отыр. Тұрғын үйге кредит беру және оны сату механизмдері жолға қойылған. Құрылыстың сапасын уәкілетті органдар ғана емес, әкімдіктер де бақылайды. Банк те салынып жатқан тұрғын үйлерге мерзімдік бақылау жүргізіп, олардың ағымдағы жағдайы туралы ақпаратты өз сайтына орналастырып отырады. Бағдарлама аясында баспананы барынша қолжетімді ету мақсатында 3 және 4-санаттағы үйлер енгізіліп отыр. 3-санаттағы баспананың бір шаршы метрі Алматы мен Астанада 142,5 мың, Атырау, Өскемен және Ақтауда 112,5 мың, қалған өңірлерде 90 мың теңге болса, 4-санат үшін Алматы мен Астанада 120 мың, Атырау, Өскемен және Ақтауда 100 мың, қалған өңірлерде 80 мың теңге белгіленді. Баспаның шекті бағасы нарық жағдайында қымбаттайтын болса, оның айырмашылығы жергілікті бюджеттің есебінен жабылады. Мысал ретінде айтсақ, аймақтардағы баға бойынша 60 шаршы метр пәтердің құны 5,4 млн теңгені құрайды екен. 8 жылға алдын ала заемға алынған пәтерді сатып алу үшін (бұл несие, алдын ала салымдары жоқ салымшыларға арналған) ай сайын 66 870 теңге төлеп отырасыз. Заемның өтеу мерзімі өткеннен соң ай сайынғы төлем 18 900 теңгеге дейін төмендейді, себебі тұрғын үй құрылыс заемы жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейін беріледі. Ал жалға алынатын баспана үшін ай сайынғы жинақтау салым 28 620 теңгені құрайды, жалға ай сайын қосымша 6 000 теңге төлеп отырсаңыз жеткілікті. Әрине, еліміздегі отбасылардың басым көпшілігінің мұндай ақшаны өз үйінің құрылысы үшін жұмсауға қабілетті екені рас. Сондықтан бағдарлама аясында салынатын үйдің бағасы қымбат деп текке даурығудың қажеті жоқ. Яғни, Бағдарлама қатысушысының 15 айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінде табысы болса, онда ол үйді жалға алу құқығына ие бола алмайды. Бір сөзбен айтқанда, жалға берілетін үйлер табысы төмен отбасыларға арналған.

Бағдарлама жобасында 2012 жылы қаржыландыруды 10-нан 20 млрд теңгеге дейін өсіру қарастырылған. 2013-2020 жылдары жыл сайын 25 млрд теңгеден қаржы бөлініп отырады. Сөйтіп, 2012 мен 2020 жылдар аралығында шамамен 40 мың отбасы баспанамен қамтылатын болады.

Дереккөз: bnews.kz

5 ақпан 2013, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.