Қаладағы Хиуаз Доспанова атындағы мұз сарайында мәнерлеп сырғанаушылар секциясының жұмыс істеп тұрғанына үш жылдың жүзі болды. Біз жаттықтырушы Лаура ТАУМАНОВАҒА (суретте) бірнеше сауал қойдық.
- Сізде қанша бала жаттығады?
- Бүгінде 16 бала бар. Бізге көбіне қыз балалар келеді. Ал ұл балалар көп тұрақтамайды, олардың көбі хоккейді таңдайды.
- Шәкірттеріңіздің арасында алғашқы табыстарға қол жеткізгендері бар ма?
- 2012 жылы Санкт-Петербор қаласында балалар арасындағы Ұлы Петр Кубогында 6 жасар Линара Джаниязова 4-орынға көтерілді. Бұл үлкен жетістік деп білемін. Сонымен қатар, болашағынан үміт күттіретін Айя Мағзомова, Амаль мен Малика Байгел, Томирис Құрманғазы, Зарина Айтбай есімді шәкірттерім де табыстарға жетеді деп ойлаймын.
- Сіздің секцияңызға жазылғысы келген кез келген бала қабылдана ала ма? Және неше жастан бастап қабылдайсыз?
- 4 жастан бастап. Алғашқы кездерде біз қалаған адамның барлығын қабылдағанбыз. Ал, қазір алдымен сынап қараймыз. Санынан гөрі сапасының жоғары болғаны жақсы.
- Мұз айдыны халықаралық стандарт талабына сай ма?
- Толықтай. Ол үнемі басты назарда, жақсы күтіледі.
- Балалардың костюмдері мен конькилері жеткілікті ме?
- Қазіргі уақытта шәкірттерімнің барлығында да өздерінің конькилері мен костюмдері бар. Бұл жерде ата-аналар қорының рөлі зор екенін жасыруға болмайды. Кейбірінің шетелдегі туыстары көмектесіп жатса, кейде өзім де шетелден қажетті заттарды алып келемін.
- Біздің қалада мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өте ме?
- Әзірге, өткізілмейді. Бірақ болашақта жоспарда бар.
- Мәнерлеп сырғанаудың қандай күрделі айналымдарын меңгеруде?
- Әрине, үш рет айналу секілді тулупқа дейін әлі ерте. Қазір шәкірттерім бір рет айналу сияқты бастапқы қимылдарды жасап үйреніп жатыр. Мәнерлеп сырғанаумен айналысу үшін төзімділік пен табандылық қажет. Бұл қасиеттер болса, табыстарға міндетті түрде қол жеткізуге болады.
-Сіздіңше біздің қалада мәнерлеп сырғанау спорт түрінің даму болашағы қандай?
- Бізде өзіміздің мұз айдыны бар. Талантты балалар бар. Ал әрі қарай даму үшін облыстық мәнерлеп сырғанау федерациясын құру керек деп есептеймін. Бірақ, бұл республика деңгейінде шешілетін мәселе. Қазақстанда мәнерлеп сырғанау федерациясы жоқ, сондықтан, біз коньки спортының федерациясына қараймыз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор