Атырау, 19 сәуір 17:11
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

2 923 просмотра

Хромтаудан келген жүлделер

Хромтауда ауыр атлетикадан жергілікті кен байыту комбинатының 70 жылдығына арналған халықаралық турнир өтті.

Атыраудан жарысқа №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Игорь Миргамбаевтың шәкірттері қатысты. Нәтижелер қоссайыс бойынша, яғни жұлқа және серпе көтеру көрсеткіштері бойынша шығарылды. 28 келіге дейін салмақта Руслан Айтқожин (қорытынды 57 келі) және 62 келіге дейінгі салмақта Азамат Тәуекелов (230 келі) жеңімпаз атанды. 50 келіге дейінгі салмақта Батырхан Жайылым (105 келі), 62 келіге дейінгі салмақта Дастан Қуатов (155 келі) күміс медаль алды. 56 келіге дейінгі салмақта Мансур Асқаров қолаға қол жеткізді.

***

Легионерлер көмектесе ме?

Көкшетауда жергілікті «Арланмен» өткізген екі ойында облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы бірде-бір ұпай ала алмады.

«Мәмлүктер» бірінші ойында 0:2 есебімен ұтылса, екінші ойын - 1:3 есеппен аяқталды. Жақында «Бейбарыс» құрамына финн Йонас Коскинен мен чех Мартин Хержман қосылды.

***

 

Жіті көз, мықты білек

26-27 қаңтарда «Әсел» бильярд залында қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен ҚР бильярд спорты федерациясы филиалының бастамасымен «Мәскеу пирамидасы» деп аталатын облыстық XXV ашық чемпионат болып өтті.

Турнирге еліміздің көптеген өңірлерінен45 спортшы қатысып, атыраулық бильярдшы Сергей Кан жеңімпаз атанды. Финалда ол ақтөбелік бильярд ардагері Виссарион Кимнен үстем болды. Үшінші орынды Аян Айдаралиев пен Сергей Пак бөлісті.

 

 

***

«Башмет» жүлдесі

Башқұртстанның Сибай қаласында кикбоксингтен «Башмет» жауапкершілігі шектеулі мекемесі тағайындаған жүлдеге орай халықаралық турнир өтті.

Атыраулық №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің командасы командалық есепте ринг қожайындары мен Магнитогорск файтерлерінен кейін үшінші орын алды. Өз салмақ санаттарында Жанәлі Сәлімгереев, Тоқтарбек Шакиев және Абзал Жүсіпов жеңімпаз атанса, күмісті Фархат Жанұзақов, Қалбек Қырым, Дәурен Керім және Мереке Бақытов иеленді. Қола Сүлеймен Жолдаев, Салауат Зұлқашев, Райымбек Жакиев, Заурбек Салешев, Жанабек Иманғазиев және Рахман Қалбаевтың қанжығасында.

***

 

Төрешілер қатары көбейді

Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының бұйрығымен он тәжірибелі футболшыға 1-санатты төреші атағы берілді.

Қала, облыс және ел чемпионаттары (2-лига командалары арасында) ойындарына төрелік ету құқығына Денис Лобашов, Сергей Калачёв, Артём Волков, Ерлан Мәжитов, Артур Төлепов, Сырым Сахипов, Жәнібек Сухамберлин, Виктор Джамбау, Руслан Сұлтанғалиев және Ернар Фазылов ие болды.Олар ойын ережелерін білу және физикалық дайындықтары бойынша сәйкесінше емтихан тапсырды.   

***

 

Жүйріктер мен мергендер

«Судоремонтник» стадионында мектеп және колледж оқушыларының 6-шы облыстық спартакиадасы аясында қысқы президенттік көпсайыс пен биатлоннан жарыстар өтті.

Президенттік көпсайыстан үздік нәтижелерді Кирилл Миронов пен Оралгүл Сисембайқызы (мұнай және газ колледжі), Руслан Төлегенов (политехколледж) және Эльдар Байырхан (Амангелді орта мектебі) көрсетті.

Биатлоннан жарыста Данияр Латыш пен Саясат Саяжан (политехколледж), Қабақ Жансая (Амангелді орта мектебі), Андрей Марков, Владимир Чертихин және Кеңес Айымжан (мұнай және газ колледжі) көзге түсті. Командалық есепте Амангелді атындағы мектептің командасы жеңіске жетті.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

31 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.