Кәмелет жасқа толмаған жас балаларымен қалған жесір әйелдер ҚР Қызыл Жарты ай қоғамы Атырау филиалының арқасында асыраушысынан айырылуына байланысты қосымша материалдық көмек ала алады. «Бұл - біздің ұйым қызметінің көптеген бағыттарының бірі ғана. Алайда бізді көп адамдар біле бермейді», - дейді ҚР Қызыл Жарты ай қоғамы облыстық филиалының директоры Айгүл ҚҰЛТАНОВА (суретте).
- Атырау облысында Қызыл Жарты ай қоғамы үш жылдан бері жұмыс жасап келеді. Біздің қызметтеріміздің барлығы мүшелік жарналар мен ерікті қайырымдылық тартулар есебінен жүзеге асырылады.
- Қызметтеріңіздің негізгі бағыттары қандай?
- Мысалы, біз адамдарға қандайма бір төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін, өзіңе және өзгеге қалай көмектесу қажеттігін үйретеміз. Кез келген адам бізге келіп, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетуді үйрене алады. Біздегі мұндай курстардан бірнеше жүздеген адамдар өтті. Сондай-ақ, біздің міндеттерімізге төтенше жағдайларға байланысты резевтер жинақтау да кіреді. Облыстық ТЖ департаменті базасында гуманитарлық көмек қоймасы жасалды. Резервті толтыруға кез келген адам қатыса алады. Қазіргі уақытта көп адамдарда пайдаланбайтын, бірақ лақтыруға қимайтын заттар табылатыны белгілі ғой. Қойылатын талап – зат бүтін және таза болуы керек. Бұл заттардың бір бөлігін тұрмыстық төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге және халықтың әлеуметтік-әлсіз тобына таратамыз.
Біздің ұйым еңбек мигранттарына да қолдау көрсетеді. Атырау үшін бұл өзекті мәселе, өйткені мұнда Өзбекстаннан және басқа да ортаазиялық елдерден келгендер саны өте көп. Туған-туыстарынан жырақта жүрген олар кей кездері келеңсіз оқиғаларға тап болып жатады. Біз құқықтық қорғау, медициналық тренингтер, тамақ пен киім беру сияқты көмектер көрсетуге тырысамыз. Сондай-ақ, Қызыл Жарты ай қоғамы жанында отбасылық байланыстарды қалпына келтіру бойынша желі жұмыс жасайды. Мәселен, жұмыс жасауға келген адам өз туыстарымен байланысты жоғалтып алды делік, бұл жағдайларда ол бізге хабарласса, көмектесуге тырысамыз.
- Тек еңбек мигранттарына ғана ма?
- Тек олар ғана емес. Халықаралық жанжалдар, азамат соғыстары, зілзалалар орын алған жерлерде, негізінен, пошта қызметі жасамайтыны белгілі, осындай жағдайларда біздің іздестіру қызметі арқылы сол жақта қалған туыстарына хабарламалар жіберуге болады.
- Асыраушысынан айырылуына байланысты материалдық көмекті кімдер ала алады?
- Бұл бағдарламаны Біріккен Араб Әмірліктері қаржыландырады. Көмек, ең алдымен, жас балаларымен қалған жесірлерге беріледі. Әйел адам бізге тікелей келіп, қажетті құжаттарын тапсыруы керек. Содан кейін ол ай сайын белгілі бір сомада ақша алып тұрады.
- Әңгімеміздің басында сіз өз қызметтеріңізді қайырымдылық тартулар есебінен жүргіземіз деген едіңіз...
- Иә, біздің негізгі қаржыландыруымыз жылына небары 300 теңге тұратын мүшелік билеттерді тарату, сондай-ақ, купондарымызды өткізу есебінен құралады. Олардың құны әр түрлі, 100-ден 1000 теңгеге дейін. Яғни, біздің қатарымызға қосылған әр адам сауапты іске ат салысады. Қоймадағы заттардың қорабын ашу болса да, кез келген көмекке разымыз. ҚР Қызыл Жарты ай қоғамы Атырау облыстық филиалының мекенжайы: Шарипов көшесі, 4а (СӨСҚО ғимараты), тел. 30-68-36.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор