Атырау, 23 қараша 18:17
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әйелдер «қамалының» тұтқыны

5 167 просмотра

Саша Денисовтың коллажыСаша Денисовтың коллажы- Алтын бар ма? Ұялы телефон ше? Қалтаңызда не бар? Қарауыма бола ма? – деп сұрақтарын жаудыра бастаған погондағы түсі сұсты әйел менің үсті-басымды бір сүзіп  өтті. Келісімімді алған соң, жұмысына кіріскен ол шаншитын-кесетін заттардың бар-жоғын тексерген болуы керек, бүйірлерімді де сипалап шықты. Содан соң:  – Иә. Бәрі дұрыс. Бара беруіңізге болады, - деді.

Бірнеше темір есіктерден, салдырлаған түрме ысырмаларынан өткен соң қарауыл екеуміз люминесцентті шамдары жыпылықтаған ұзын дәлізге жеттік. Оң жаққа бұрылған бойда есік көрінді: бізді сол жерде тұтқын күтіп отырды. Талдырмаш денелі, басына киген кидарка телпектен шаштары бұйраланып шығып тұрған, көзқарасы батыл, жиектелген көзілдірігі бар, үстіне ірі тоқымалы свитер, көкірекше, қара шалбар мен керзі етік киген. Ол қарауылға жалбақтай амандасып, содан соң байсалдылық танытып, менімен сәлемдесті.

 

АҚЕРКЕ

Ол туралы маған мәлім болған деректер: ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы (адамды ұрлау) және 132-бабы (Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотталған.  Ол әңгімесін бастады:

- …Қызым қазір 13 жаста. Мені соттаған кезде 8-де болатын. Жасөспірімдік өтпелі кезең жасында ғой. Ал мен жанында жоқпын... Егер кінәлі боп жазасын тартып жатсам, ештеңе емес. Кінәм жоқ қой!

Кенет мен күтпеген жағдай орын алды. Оның көзінен жас парлай жөнелді. Күйініп жылағаны сондай, бір-екі рет мен де мұрнымды тартып қойдым:

- Не болғанын айтасыз ба?

Сол қырсық шалған күні Ақерке үйіне өз көлігімен келе жатқан. Салонда тағы бір таныс құрбысы мен оның он үш жастағы туысы болыпты. Сол жерге келген қонақтар түнеп қалады.

- Мен сонда оларды қуып шығуым керек пе еді? - дейді ол. - ...Таң алдында жасөспірім қыздың орнында жоқ екенін көрдім. Бірақ бұған басымды қатырып жатпадым. Түнде жас маскүнем-жезөкшенің басына не нәрсе келмейді дейсің? Ал үш күннен кейін мені полицияға жауап алуға шақырды. Сөйтсем, сол қыздың анасы қызының жоғалғандығы туралы өтініш беріпті. Полицейлермен бірге оны Оралдың бұзықтық жасалады деген жерлерінің бәрінен іздедік. Бірнеше күннен кейін ол үйіне оралды. Оның қайда қаңғып жүргенін білмедім, саяжайда немесе сауналарда болған шығар. Бүкіл осы хикаядан кейін қызды жындыханаға жауып тастапты деп естідім. Оған әуел бастан сенбеу керек еді, есі дұрыс емес қой. Тек тергеуші маған сенбеді.    

…Неге маған осылай жасады? Мені ұрлап алып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деп әндетті ғой. Менің ондайға қолым қалай барсын? Мен – анамын, адал кәсіпкермін... күйеуім – мектеп мұғалімі. Тоғыз ай ішінде ісімді төрт рет ашып-жапты. Ал содан соң үкім шығарды. Менің қасымда кісі өлтіргендер отыр: олар, әрі кеткенде, 6 жыл отырады. Ал маған он жыл берді. Әділдік қайда?

Эмоциясын жинап алып, көз жасын алақанымен сүрткен сүйкімді әйел кенет жанары жалт етіп, тістене сөйледі:

- Маған сол қаншықпен кездесуге  жарты сағат берсе ғой. Қанын ағызып, жұлма-жұлмасын шығарар едім... Әйтеуір босқа отырмаймын ғой....

 Сол сәтте ол жөтелге булығып қалды. Бір кезде тамағы жұмсарған соң:

- Бронхым ғой...- деді.

Ұнжырғасы түсіп, босаңсып, ернін жымқырып, көзілдірігін шешті. Көзілдіріксіз өңі шаршаңқы, жаны жаралы, қартайып кеткендей көрінді.

 

ҚАНШЫҚТАР ТҮРМЕСІ

Тұтқындар өздерінің уақытша мекендерін – жалпы режимдегі УГ-157/11 колониясын осылай атайды. Онысы басқа жерлерге қарағанда нашарлау болғандықтан емес, әйелдер колониясы болғандықтан айтады. Бұл жердің жағдайына ешкім де шағымданбайды, көбінесе оны басқа әйелдер колониясымен жиі салыстырады. Басқа қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің арасында атыраулық бұл мекеме зэктер арасында жаза өтейтін қолайлы орын деп есептеледі. Бұл жерде аптасына бір рет дискотека, сұлулық байқауы мен шебер қолдар конкурстары болып тұрады, жұмыс ақысы төленеді, қызметкерлердің қарым-қатынасы жақсы. Бірақ оны өз үйім деп ақылынан ауысқандар ғана есептейтін шығар, дегенмен ондайлар бұл жерде байқалмайды.

Сотталғандар үшін уақыт өтіп болмайды. Жаңалықтар айтыла-айтыла жауыр болады. Бәрі ертеңгі күні де осылай болатынын біледі. Бостандыққа шығатын, қоңырау соғатын тағы бір күн артта қалады.

Төрт жыл ішінде (Ақерке «толықтай» деген сөзді үнемі атап айтады) ол қатты өзгерген.

- Мен адамдарды жақсы айыра алатын болдым. Бұл жерде бұрын кім болғаның, білімің қандай екені, не үшін жазаланғаның маңызды емес. Қаласаң айт, қаламасаң өзің біл. Бастысы айналаңдағыларды өзіңнің қыңқылыңмен мезі етпеуің керек... Ешкіммен жақын араласқым келмейді. Өйткені, бүгін біреуі бетіңе қарап күліп, ішкі сырын айтады, сен де оған ағыңнан жарыласың. Біз әйелдер сондаймыз ғой. Проблемаларың ешкімге керек емес, қуанышыңмен бөліссең, сен кешірерсің, саған айта алмаймын не екенін, әлдебір қолыңа тиген нәрсе туралы айтсаң, келесі күні тінту жүргізеді. Не үшін сатып кетеді? Бұдан оған келіп-кетер пайда қандай? Шамасы, әйелдік іштарлықпен сатып жіберетін шығар... Мен шыдап келемін, «тышқан жүріске» қатыспаймын... Тышқан жүріс деген, қымбаттым, мысалы, әйелдердің пасықтық жасауы. Неге екенін білмеймін, әсіресе, шымкенттіктер солай жасайды. Ал біздің батыстың әйелдерінің менталитеті басқа... Біз адалмыз, жүрегіміз - ақ. Бірақ бізді ренжітер болса, жақсы болмайды. Біреу-міреу шектен шықса, егер ұрлық үшін ұсталса, сазайын тартады. Сондықтан бұл жерде бізге тырнағымызды ұзын етіп өсіруге рұқсат бермейді. Биік өкшеге де тыйым салынған. Косметика қолдануға болады, шашыңды күн сайын боясаң да мейлің, оған да рахмет. Ал әйелдердің кегі сұмдық. Шашыңды күштеп тықырлап алып тастайды (түрмеде  қолданылатын «опчалганить» деген жаргонның мағынасы. - Ред.). Сосын күлкі болып жүргенің. Бірақ бұл сирек кездеседі. Біз қанша дегенмен әйел деген атымыз бар ғой.

 

«АРМАНДАУҒА ЕШКІМ ДЕ ТЫЙЫМ САЛМАЙДЫ»

Еркіндікте жүрсе де, абақтыда болса да, кез келген әйелдің жылусыз, махаббатсыз, сүйенішсіз... көңілі қатты жабырқайды. Осы сәтте маған қойындәптерім мен қаламымды сыпайылықпен ысырып қойып, тек өзімнің есте сақтау қабілетіме ғана сүйенуге тура келді.

- Отырғаныма екінші жыл болған кезде күйеуімнің менімен ажырасу туралы шешімге келгені туралы хабарлама алдым. Қуанышта да, қайғыда да біргеміз дейтін еді ғой, - деп мырс етті Ақерке. – Ол мені сатып кетті. Бірақ шыққан кезде міндетті түрде алдына тізерлеп отырып, қызымызды тастамағаны үшін рахмет айтамын.

Әсерлене, түсініксіз сөйлеген әйел бір кезде ағынан жарылды:

- Ол мені өзіне рухы түсіп, солғын тартқан кәрі бейшара болып сүйретіліп келеді деп қорқады... Ха! Олай бола қоймас! – деді ол ызалана жұдырығымен тізесін ұрғылап. – Тісімді салдырып алып, сәнді қызыл көйлек сатып аламын да, қызыма машинамен жетіп барамын. Маған сөз салып жүрген кем дегенде бес үміткер бар. Сымбатты азаматпен бірге барамын. Бостандықта да адал достарым қалды... (дауысын бәсеңдетіп)...  Осы төрт жыл ішінде ол бірде-бір рет қызымды кездесуге алып келген жоқ. Оның жанын жаралағысы келмейді. Жөнді күйеу бола алмағанымен, жақсы әке. Бірақ ол бәрібір жетекпен жүретін адам, еркек емес. Несіне жасырайын, балалары, күйеулері кездесуге келетін әйелдерге қатты қызығамын, құшақтасып, аймалап жатады ғой...  Қараудың өзі ауыр.... 

- Менімен әңгімелесуге келіскен жалғыз адам сіз болдыңыз. Неліктен келістіңіз?

- Іш пысқандықтан. Мен қазір бронхым ауырған соң жұмысқа шыға алмай жүрмін. Көпшілігі жұмыста. Неге сөйлеспеске деп ойладым. Қорқатын ештеңем жоқ. Еш кінәсізбін. Сен Юлия Шилованы оқып па едің?

- Мен әйелдер романын онша ұнатпаймын...

- Оны бұл жерде бәрі оқиды. Сен ештеңеге түсінбейсің, бірақ не түсінетін едің... Әлі жассың. Мә, ала ғой... - Ақерке кәмпитті көптен құтыла алмай жүргендей маған тыққыштады. – Болды. Жалығып кеттім. Сау бол!

 

ДӘЛІЗДЕГІ ШУ

Дәлізден сотталғандар тобының арасынан сығылыса өтуге тура келеді. Қабырғаға жабыса қалып олар форма киген әйел мен мені өткізіп жіберді. «Қалай, журналист қызбен  әңгімелестің бе?» - деп Ақеркенің соңынан айқайлап жатыр. «Саған не керек ол?». - «Өй, маған тіпті ...!».

Ақеркенің көңіл-күйі мен Юлия Шилованы мойындамаған соң бұзылды ма, әлде соңғы қақпақыл сөз оның ызасын тудырды ма: ол жеті атасына дейін балағат сөздерді төгіп жіберді. Оның серіктері де қалыспады, тіпті құлағым тұнып қалды. «Әй, - деген күзетшінің айбарлы түрде зекіргенінен ырылдасып жатқандар сол сәт тына қалды. - ...Бұл жерден түрін естуге болады. Жүріңіз».

Ақеркенің берген кәмпиті әлі қалтамда жүр. Сыртқы орамасы әдемі, ал іші еріп кеткен. Тек әйелдер романында ғана бәрі әдемі болады.

Анастасия ПАСТУХОВА

31 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.