Атырау, 23 қараша 18:42
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Темірғалиевтардың тарқамаған базары

2 828 просмотра

Жәмила боталарды сыртқа қарай бір-бірлеп алып шықты.

 - Олар жылдың басында туылды. Әлі кішкентай,- дейді мейірлене ол.

- Мен оларға арасында тәттілер беріп қоятын едім, соны іздеп тұрғаны ғой,- дейді боталардың маңдайынан сипап қойып. Жақында Темірғалиевтер тағы да бірнеше түйелерін төлдету науқанына қатысады. Жұмыс көбейетін болды, бірақ олар үшін бұл - үйреншікті нәрсе.

50 жастың шыңына шыққан шаруа Базарбек ТЕМІРҒАЛИЕВТІҢ ата-бабасы өмір бойы Махамбет ауданының Құмшығанақ деген жерінде тұрған. Газы жоқ, ауыз суды Жайықтан тасып ішіп отырған олардың тұрғылықты мекенжайларын ауыстырып, туған жерден алыс кету де ойларында жоқ.  

- Қарттар тұрмақ, өзім іргедегі Ақжайық ауылына  барсам, кеткенше асығамын, - дейді Базарбек. – Менің әкем бар өмірін совхоздың малын бағуға арнаған. Ол өмірден өткеннен кейін бар шаруаны өзім қолға алдым. Сондықтан, жұмыс жетеді. Менің бұл жерден іргемді бөлек салам деген ойым жоқ. Осы жерде ғана өзімді бақытты сезіне аламын.

Тоғайдың етегінде орналасқан бұл жер малға қолайлы. Жайық та онша қашық емес, 500 метрдей жерде.

Темірғалиевтер отбасы түгелімен еңбекқор. Көмекші жалдап көрген емес, бар жұмысты өздері атқарады. Қора басында жүрген ұлдары мен отанасы Жәмила малшының бітпес шаруасына кірісіп кеткен. Ұлдары Зариполла мен Даниярдың бірі шөп алып, екіншісі қой қорасын тазалап жүр. Ерінбейді, жалықпайды. Таңертең малды қорадан шығарысымен шөптеу, суару, жемдеу секілді қым-қуыт тірліктер кешке дейін жалғасады. Өткен жылдың ұзақ қысынан сабақ алған олар биылғы қысқа барынша мұқият дайындалған. 

- Лизингке трактор алғанбыз. 30 шақырым жерден жазда шөп шауып қора басына толтырып  жинап алғанбыз. Осы маусымға молынан жетеді. Солярка мен жем алу үшін бір бөлігін саттық, - дейді Данияр. – Бағымызға қарай биылғы қыс жайлы болып тұр. Былтыр қар қалың түскен еді. Қатынас қиындап, бірнеше шақырым жолды өзіміз қолмен аршыдық. Биыл ондай қар да, аяз да әзірге жоқ. Бірақ, алда әлі ақпан бар ғой. 

- Мал ауырып қалса қиынға соғатын болар? Махамбет селосы бруцеллезден жиі зардап шегеді.

- Біз барлық малға міндетті түрде вакцина салдырамыз. Ауру малды бөлек жемдейміз. 

Темірғалиевтер отбасы Махамбет селосы мен қалаға барып сүт, шұбат, қаймақ және сүзбе сатып, күн көреді. Алайда, сауда нүктесіне жеткізілген шұбаттың сатушылар мөлшерін көбейту үшін оны су немесе сүтпен араластырып жатады. Енді олар  сүт өнімдерін ортадағы алыпсатарларсыз өздері сатып өткізуді ойлап отыр.

Базарбек пен Жәмила сегіз баланы тәрбиелеп өсірген, жиен, немерелері бар.

- Қазіргі әйел аурушаң. Неге дейсің ғой, баланы аз туады. Мен 36 жасқа дейін 8 баланы дүниеге келтірдім, аралары бір жастан. Ауыру дегенді ұмыттым, әлі де шаруадан қалмаймыз. Таза ауа, таза ас - адамның саулығы, - дейді Жәмила Темірғалиева.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

31 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.