Иранның қылмыскерлерді жазалау жүйесіне өркениет жеткен секілді. Бұдан бұрын ұрылардың саусақтары балтамен шабылып келген болса, енді бұл жұмысты арнайы саусақ кескіш аппарат орындап шығады. Жаңа қондырғыны жуырда таныстырылып, іс-жүзінде сынақтан өткізілді (халықтың алдында).
Жаңа аппаратпен ең алғаш Шираз қаласының тұрғынының саусағы кесілді. Оны тәртіп сақшылары ұрлық жасағаны үшін айыптаған. Жазаны орындау барысында қылмыскер «қыңқ» етіп дыбысын да шығармаған. Журналистердің пайымдауынша, күдіктіге алдын ала есірткі беріп, мас кезінде саусағын кескен.
Осылайша, ұрының төрт саусағы шабылғаннан кейін сот жазаның екінші сатысына көшті – 99 рет шыбықпен сабап, 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Дене мүшесінен айыру, өлтіргенше таспен ату сынды жаза түрлері Иранда таңсық емес. Халықаралық Amnesty International ұйымының өкілдері жуырда Иранның жазалау жүйесін қатаң сынға алған. Оған себеп, 21 жасар Али Надери есімді бозбаланың өлім жазасына кесілуі. Қылмыскер 17 жасында ұрлық жасап, жолында кездескен қарт әйелді өлтіріп қойған. Халықаралық қорғаушылар болса кәмелет жасына толмаған кезде жасаған қылмысы үшін мұндай жаза қолданудың өзі заңсыз дейді.
Дереккөз: BAQ.KZ